Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау соты жалған дипломы үшін жұмыстан шығарылған мұғалімнің пайдасына шешім шығарды

Маңғыстау облысының соты “жалған дипломмен жұмыс істедің” деп жұмыстан шығарылған мұғалімның пайдасына шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: Рixabay.com

Мұнайлы ауданының тұрғыны 2012 жылдан бері қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келген. 2024 жылы білім басқармасы оны “жалған дипломмен жұмыс істедің” деп жұмыстан шығарып жіберген. Мемлекеттік мұрағатта оның диплом алғаны туралы ақпарат табылмаған. 

“Сот белгіленген үлгідегі берілген дипломды көрсетті. Мұғалім шын мәнінде 2009–2012 жылдары Шымкент қаласындағы Әлеуметтік-педагогикалық университетінің сырттай бөлімінде оқыған. Жалпы білім беретін мектептің мемлекеттік мұрағатқа берген сұранысында жеткілікті мәліметтер болмағандықтан қате анықтама берілген”, – деп мәлімдеді Жоғарғы сот.



Сот жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп танып, мұғалімді орнына қайта алу туралы шешім қабылдады. Білім басқармасы мұғалімді мәжбүрлі түрде сабаққа келтірмегені үшін 2,8 миллион теңгеден астам орташа жалақы төлеуі тиіс.  

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін Астанада мектеп директоры бұрынғы мұғалімді желідегі жазбасы үшін сотқа берген еді.

Талқылау