Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мамандар табыс аз болса да, ипотеканы мақұлдатуға көмектесетін бес тәсіл ұсынды

Фото: freepik.com

Елімізде табыстың жеткіліксіздігіне байланысты ипотекадан бас тарту жағдайы жиі кездеседі. Банк болашақ қарыз алушының төлем қабілетін бағалайды, егер ай сайынғы төлем оның табысынан әлдеқайда тым жоғары болса, өтінішті мақұлдамайды. Мамандар табысы аз болса да, ипотеканы мақұлдатуға көмектесетін бес тиімді тәсілді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Krisha.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ипотека алу үшін табыс қанша болу қажет?

Банктер ипотека рәсімдеуге қажет табыстың нақты мөлшерін бекітпейді. Алайда қарыз алушы алатын несие сомасы оның табысына тікелей байланысты. 

Жалақының бәрін ипотекаға жұмсау мүмкін емес. Банк өтінішті қарастырғанда қарыз ауыртпалық коэффициентін есептейді, яғни табыстың қанша бөлігі міндетті төлемдерге кететінін анықтайды. Рұқсат етілген мөлшер табыстың 50%-нан аспауы керек. Демек ипотека мен басқа да несиелер бойынша төлемдер жалақының жартысынан артық болмауы тиіс.

Мысалы, айына 500 мың теңге табыс тапсаңыз, ипотека және басқа қарыздар бойынша ай сайынғы төлем 250 мың теңгеден аспауы керек. Егер жоспарланған төлем бұдан жоғары болса, банк өтінішті қабылдамайды.


Мәжіліс депутаты сүрілу керек болған үйдің ипотекаға сатылып кеткенін айтып шағымданды


Бастапқы жарнасыз, төмендетілген пайызбен: Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарламалар басталады


1. Үлескер табыңыз

Егер жалғыз адамның табысы жеткіліксіз болса, үлескерді қосуға болады. Басты талап тұрақты және жеткілікті табыс. Бұл жағдайда екі адамның табысы біріктіріліп есептеледі. Сондықтан төлем қабілеті артады, ал ипотеканың мақұлдану ықтималдығы өседі.

Бірнеше үлескер тартуға да болады. Олар, туыс, дос, әріптес болуы да мүмкін. Олар қарызды төлеуде бірдей жауапты болады. Алайда ипотекаға алынған тұрғын үйде олардың үлесі болмайды.

2. Қосымша табыс табатыныңызды хабарлаңыз

Ресми жалақыдан бөлек, банк мына табыс түрлерін де есепке алуы мүмкін:

фриланстан түсетін табыс;

жалға беру арқылы алынатын табыс;

дивидендтер;

Жеке кәсіпкерлік немесе отбасылық бизнес табысы;

авторлық, жобалық қаламақылар.

Қосымша табысты көрсету үшін жанама дәлелдемелер жеткілікті: келісімшарт, банк үзіндісі, салық есебі. 

3. Қосымша кепіл ұсыныңыз

Қосымша жылжымайтын мүлікті кепілге қою банк тәуекелін азайтады. Сондықтан табыс талаптары жеңілдейді.

Кепілге қойылатын мүлік:

пәтер;

үй;

коммерциялық ғимарат;

кеңсе немесе басқа да орын-жайлар.

Келмейтін нысандар:

саяжай;

апатты немесе ескі үй.

Қосымша кепіл қарыз алушының да, үшінші адамның да меншігі болуы мүмкін. Мысалы, досыңыздың немесе туысыңыздың пәтері. Салынған кепіл ипотека толық өтелгеннен кейін босатылады.

4. Қарыз жүктемесін азайтыңыз

Егер басқа несиелер, бөліп төлемдер немесе алимент болса қарыз жүктемесі артады. Ал ипотеканың мақұлдануы қиындайды. Ипотека сияқты ірі несиеге өтініш бермес бұрын, қарызыңыздың барлығын немесе көп бөлігін өтеген дұрыс. Тіпті бір шағын несиені төлеу несиелік рейтингіңізді жақсартуға көмектеседі. Егер бұл мүмкін болмаса, несиелеріңізді қайта қаржыландыруға болады. Бұл сіздің пайыздық мөлшерлемеңізді, ай сайынғы төлеміңізді және жалпы қарыз ауыртпалығын азайтады.

5. Ипотека шарттарын қайта қараңыз

Кейде несиенің өзін оңтайландыру жеткілікті, яғни қарастырып отырған ипотека шарттарын қайта қарау керек.

Мысалы:

Ипотека мерзімін ұзартыңыз. Мерзімі неғұрлым ұзақ болса, ай сайынғы төлем соғұрлым аз болады.

Алдын ала төлемді көбейтіңіз. Несие сомасын және бюджетіңізге түсетін ауыртпалықты азайтады.

Қолжетімдірек мүлікті таңдаңыз. Пәтер немесе үй неғұрлым арзан болса, төлем соғұрлым аз болады және мақұлдау ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

Сондай-ақ:

Несие тарихыңызды тексеріңіз

Банк ең алдымен сіздің несие тарихыңызға қарайды. Табысыңыз жоғары, десе де несие тарихыңыз нашар болса, ол бас тартуға себеп болуы мүмкін. Кез келген кешіктірілген төлем, әсіресе жақында жасалған төлем, мақұлдау мүмкіндігін немесе несие сомасын азайтады.

Сонымен қатар, несие тарихында көбінесе дәлсіздіктер болады:

басқа адамдардың несиелері;
бұрын өтелген, бірақ дерекқорда жабылмаған қарыз;
шынымен ешқашан болмаған төлемдер. 

Егер мұндай қателіктер өтініш берілген соң анықталса, банк жай ғана бас тартады.

Сіз несие тарихыңызды жылына бір рет тегін ала аласыз:

Бірінші несие бюросының веб-сайтында;
eGov немесе eGov мобильді құрылғысында;
халыққа қызмет көрсету орталығында немесе Қазпоштада.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ипотекадағы шекті сыйақы мөлшерлемесі кепіл құнына қарай өзгеретіні туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 16:58
Талқылау