Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Малы жоқ, бірақ 3 миллион литр сүт сатқан: Көкшетауда субсидия қаржысын жымқырғандар сотталды

Фото: Видеодан скрин

Көкшетауда агроөнеркәсіп кешеніне бөлінген мемлекеттік субсидияларды жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Тергеу дерегінше, жалған құжаттар арқылы 152 миллион теңге заңсыз алынған. Айыпталушылар 6 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, екі жыл бойы "МолПродЖаркаин" ӘКК директоры А.С.Ефимкина және "Рассвет" шаруа қожалығының басшысы А.В.Маслов сүт және оны терең өңдеу өнімдерінің өндірісін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алған.

"Рассвет" шаруа қожалығында мәлімделген көлемде сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан электронды шот фактуралар ақпараттық жүйесінде "МолПродЖаркаин" компаниясына 3 миллион литрден астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген.

Осы құжаттар негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеу туралы есептер жасалып, уәкілетті орган өтінімдерді мақұлдағаннан кейін қаражат кәсіпорынның есепшотына аударылған.

Мемлекетке келтірілген жалпы залал 152 миллион теңге болды. Бұдан бөлек, алынған субсидиялардың бір бөлігі жасыру мақсатында Ефимкинаның туысының депозиттік шотына аударылған. Кейін бұл қаражатқа жалға беріліп, табыс табу үшін пайдаланылған мобильді ғимарат сатып алынған.

Тергеу барысында 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимаратқа және өндірістік нысанға тыйым салынды. Сот үкімімен А.В.Маслов пен А.С.Ефимкина 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады. Үкім заңды күшіне енді.



Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында прокуратура тексерісі барысында медициналық ұйымдар қызметінде жүйелі заңбұзушылықтар анықталды. Тексеру кезінде жалған қызмет көрсету, жеткізілмеген дәрі-дәрмек үшін төлем жасау және банктік деректерді өзгерту арқылы қаражатты аффилирленген шоттарға аудару фактілері белгілі болды. Алдын ала дерек бойынша, бюджетке келтірілген шығын 600 миллион теңгеден асады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 11:31