Малай болудан шаршадым: Қапшағайда жетімдер үйіне сұранған қыздың отбасы тексерілді
Қапшағайда жетім қыз өзін асырап алған ата-анасына шағымданып, желіде жазба қалдырған. Әкімдік жеткіншектің жазбасына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның негізсіз екенін анықтады, деп хабарлайды Stan.kz.
Facebook желісінде қолданушылардың бірі 16 жастағы Жұлдыздың шағымын жариялады. Онда жасөспірім Қапшағай прокурорынан көмек сұраған.
Жұлдыздың қамқоршысы «анасының әпкесі» екені анықталды. Қыз әпкесімен бірге ауылда тұрады. Айтуынша, ол ара-тұра соққыға ұшырап, кейде аш қалады екен. Сондықтан да енді әпкеммен бірге тұра алмаймын деп отыр. Үйде және егістік алқабында ауыр жұмыс істегендіктен, сабақтан жиі қалып қоятын көрінеді. Сондай-ақ, оқушы 9-сыныптан кейін оқуға бара алмай отырғанын атап өткен.
«Ауылға келгелі бері мені егістіктегі жұмысқа жегіп қойды. Күн сайын ас әзірлеу, кір жуу, үй жинауға мәжбүрледі. Мектептен келген кезде тамақ ішейін десем ыстық су болмайды. Таңертең де аш кетемін. Әпкемнің қызы Салтанат үнемі ішіп алып, мені ұрады. Мектептен кейін сабақ оқуға мүмкіншілігім жоқ. Себебі сүт сатамын, кейін Салтанаттың дүкенге қарызын төлеймін. Ол үнемі арақ пен темекі алатын”, – дейді қыз.
“Егістікте өзім үшін және Салтанаттың орнына жұмыс істейтінмін. Салтанат бірге тұратын адамымен ұрысып қалған кезде мені жанына шақырып алатын. Онымен бірге тұратын азамат та мені ұратын. Менің басымды кесіп алмақ болғанда, төсектің астына тығылатынмын. Әпкем үйден кетсем, бәрібір мені тауып алатынын айтады. Учаскелік полицей өзінің досы болғандықтан, мені үйде өлтіремін деп қорқытады. Өткен жылдың күзінде үй салуға мәжбүрледі, сондықтан мектепке бармадым. Мені ауырып жатыр деп дәрігер-құрбысынан анықтама алатын”, – деп жалғады сөзін Жұлдыз.
“Әпкем күн сайын менен шаршап кеткенін айтады. Мен үшін оған ақша төлемейді, оған әбден мезі болыппын. Ал әпкем өзінің 40 жастағы күйеужігіт менен қызғанады. Ал мен одан қорқамын. Ол ішіп алған кезде, бөлмеме тығылып қаламын. Үлкен ағаларым маған қарындас ретінде қарамайды. Оны өздері де айтып жүр. Бұл үйде малай болудан шаршап кеттім, мені бөтен адам санайтын туыстарымның қысымынан шаршадым. Мен мектепке барып, болашақта дәрігер болғым келеді. Бірақ әпкем оқу туралы ойлауыма тыйым салды. Колхозда жұмыс істейсің, сені 90 қойға күйеуге береміз деді. Колледжде оқуға да рұқсат бермеді”, – дейді қыз.
Хат соңында ол өзін балалар үйіне жіберуді өтінген.
“Құрметті прокурор, мені бұл отбасыға бермеңізші. Үйге қайта барғым келмейді, мені балалар үйіне жіберіңіз”, – деп түйіндеді сөзін ол.
“Желіде қыздың шағымы жарияланған соң, біз оны бірден назарға алдық. Бұл істі Қапшағай әкімдігі жанындағы кәмілеттік жасқа толмағандар ісі бойынша комиссия қамқоршылық органымен бірлесіп қарады. Қыз бен оның қамқоршылары шақыртылып, бетпе-бет сөйлестірдік. Хатта атап көрсетілген фактілердің шындыққа жанаспайтынын анықтадық. Шағымда қыз колледжге оқуға түсе алмай отырғанын, оған қамқоршыларының қарсы екенін айтқан. Алайда оған ешкім тыйым салмаған. Үйіндегілер керісінше оның оқығанын қалап отыр. Ақырында қыз «эмоцияға беріліп» кеткенін мойындады. Бұл жерде оның жасөспірім шақта екенін де ескеруіміз қажет», – дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Жүкелдің айтуынша, бүгінде қамқоршылық органдары кикілжіңің неден туындағанын анықтауда. Бұл жағдайды Қапшағай әкімдігі бақылауға алған.
«Жақын күндері қыздың болашақ тағдыры туралы жауап беретін боламыз. Қамқоршылық органдары мен полиция ата-ананың әрекетіне баға береді. Аймақтық учаскелік инспектордың хабары бар, олар кезекпен қыздың жағдайын біліп тұрады”, – деп уәде берді Жүкел.
Тағы оқыңыз:
Құрбысының дуасына ұшыраған әйел жолының болмай жүргенін айтып, көмек сұрады
Ақтөбеде сабақ үстінде болған өлім: Дәрігерлер 11-жастағы оқушының неден қайтыс болғанын хабарлады
Жүргізушіні куәлігінен айыру үшін соттың шешімі енді керек болмай қалуы мүмкін
Ақтөбе облысында тәрбиеші бір үзім нан үшін интернат оқушысын ұрған