Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мақсатымыз – электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету": Семейдегі қосалқы станцияларда жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр

кегок

Фото: Stan.kz/Андрей Куршкин

Абай облысындағы 500 кВ "Семей " қосалқы станциясы бүгінде оңтүстік аймақтарды электр желісімен қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие болып отыр. Себебі қосалқы станция "Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік" үшінші транзитінде орналасқан. Ал қысқы уақытта электр қуатын беруде ақау туындамас үшін көктемнен күз маусымына дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жұмыстарды 1 қазанда аяқтау жоспарланып отыр. Stan.kz тілшісі қысқа дайындық және қосалқы станциядағы жөндеу жұмыстарын өз көзімен көріп қайтты. 

кегок

Фото: Stan.kz

Қанат  Мүбараков – KEGOC-тың "Шығыс жүйеаралық электр тораптары" филиалы "Семей" аумақтық электр тораптарының басшысы. Маманның сөзінше, аймақта екі қосалқы станция бар. Бірі 500/220/110 кВ "Семей", екіншісі 220/110/35 кВ кернеулік қуаты бар "Елім-ай" қосалқы станциясы екен. Аталған қосалқы станциялар транзиттік, яғни электр қуатын оңтүстікке бағыттау қызметін атқарады. Сондықтан жоспарлы жөндеу жұмыстарын кезең-кезең бойынша атқару, мерзімінен кешіктірмеу өте маңызды дейді. 

кегок

Фото: Stan.kz

"Біздің мақсатымыз – электр желілерін қысқы уақытқа дайындау. Сондықтан белгіленген график бойынша көктем-күз маусымдарында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта 500 кВ "Семей" қосалқы станциясы сында жөндеу жүргізіліп жатыр, жоспарға сәйкес айдың соңына дейін аяқталуы керек. Өзге жұмыстар күзге дейін белгіленген мерзім ішінде бітеді. Біздің қосалқы станция транзиттік болып саналады, яғни электр тораптарын бағыттап отырамыз. Ал қосалқы станция электр балансын реттеу қызметін атқарады", – деп түсіндірді ол.  

Қосалқы станцияны жөндеу жұмыстарына Өскемен қаласынан қосымша бригада келіп көмектеседі екен. Мұндағы жұмыстар маңызы мен мерзіміне қарай әр кезеңге бөлінген. Қазір филиалға қарайтын 4 нысанда жұмыстар қызу жүргізілуде. Ал 2025 жылғы жоспарға сәйкес барлығы 38 нысанды жөндеу жоспарға алыныпты. 

кегок

Фото: Stan.kz

500 кВ "Семей" қосалқы станциясында жалпы қуаты 501 000 кВ кернеу кластары 500, 220 және 10 кВ АОДЦТН үлгісіндегі бір фазалы трансформаторлар тобы орнатылған. Сондай-ақ  қосалқы станцияда 500 кВ әуе желілерінің реактивті қуатын өтеу үшін жалпы қуаты 360 000 кВар РОМБСМ типті шунттаушы реакторлардың екі тобы бар. Сондай-ақ реактивті қуаттың орнын толтыру және 500 кВ құрама шиналардағы тұрақты кернеуді ұстап тұру үшін қуаты 180000 кВар басқарылатын шунттаушы реактор орнатылған. Бұдан бөлек қосалқы станцияда Siemens және General Electric сияқты танымал өндірушілердің заманауи элегазды жоғарывольтты ажыратқыштары қойылған екен. 

Филиалда бас инженердің орынбасары қызметін атқаратын Сұңқар Таменов қосалқы станцияның маңызы мен мәні жайлы толық баяндап берді. 

кегок

Фото: Stan.kz

“500 кВ "Семей" қосалқы станциясы "Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік" үшінші транзитінде маңызды рөлді атқарады. Себебі еліміздің оңтүстік аймақтарын тұрақты электрмен қамтамасыз етеді. Кернеулік қуаты – 500 кВ. Біз шығыс филиалында 220 және 110 кВ кернеуге ие желілерге қызмет көрсетеміз. Жалпы ұзындығы 1 974 шақырым, соның 863 шақырымы 500 кВ, 816 шақырымы 220 кВ, 215 шақырымы 110 кВ болады. Биыл электр желісіндегі 6 нысанында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде ғимаратты жаңғырту, қосалқы станцияның жабдықтарын жөндеу секілді міндеттер бар. Жұмыстар сәуірден 1 қазанға дейін, яғни жылыту маусымы басталғанша жалғасады. Дәл қазір жұмыстардың 61%-ы немесе 23 нысандағы жоспарлы жөндеу аяқталды. Енді екі қосалқы станцияда, кернеулік қуаты 500 кВ пен 220 кВ электр беру желісін жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары қалды. Біз елдің оңтүстік аймақтарында электр тұрақтылығын қамтамасыз етеміз", – деп түсіндірді Сұңқар Таменов. 

кегок

Фото: Stan.kz

Сұңқар  Таменов "Шығыс" филиалында 2000 жылдан бері істейді. Маманның сөзінше, Абай облысында электр қуатының тапшылығы байқалмайды. Сондай-ақ электр желісі де тозбаған.

"Біз тұрған подстанция 2016 жылдың желтоқсанында ашылды. Мұнда шамамен 18 адам жұмыс істейді. Оның ішінде кезекші мамандар, директор мен подстанция шебері бар. Әзірге қосалқы станцияда ешқандай қиындық жоқ, керісінше үлкейіп келеміз. Біздің мақсат – электрмен қамтамасыз етуде тұрақтылыққа қол жеткізу. Көріп тұрғандарыңыздай, барлығы жаңа құрылғылар, бригада жоспар бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар көмекке орталықтандырылған бригада Өскеменнен келеді", – деп түйіндеді бас инженердің орынбасары. 

кегок

Фото: Stan.kz

Кернеуі 500/220 кВ жабдыққа уақытылы және сапалы қызмет көрсету еліміздің Оңтүстік өңірлерінің тұтынушыларын сенімді электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 500 кВ Семей қосалқы станциясы Семей қаласының тұтынушыларын сенімді электрмен жабдықтауды және Ұлттық маңызы бар электр станциясы – Шүлбі ГЭС қуатын беруді қамтамасыз етеді.

Назархан Уән
Сейсенбі, 22 Шілде, 2025 13:25
Талқылау