Мақсат Базарбаев: Алланың сынағына шыдаммен төздік
Әнші пәтерден-пәтерге көшіп, қаржы тапшылығын көріп, 9 жыл бойы перзент сүймей қиналғандары туралы айтып берді.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Көптің алдында жұлдыздайын жарқырап, тек жақсы қырын көрсетуге тырысатын әншілердің өмірінде де қиындық көп. Сахнадағы мейірімге толы жарқын жүздері бетперде болмаса да, олардың жүректерін сыздатып, көңілдеріне қаяу түсіретін жағдайлар да жетерлік. Әрине, халықтың алдында барынша мінсіз болып көрінгісі келетіндері де жасырын емес. Сондай жандардың бірі жарына серік, үш баласына қамқор әке, досқа адал, сөзіне берік – Мақсат Базарбайұлы.
Алғашында “МұзАрт” тобы арқылы танылған бұл әнші топтан кететін кезде “Неге кетті? Мейрамбекпен сыйы жараспады ма, әлде топтағылар бөліп-жарды ма? Мүмкін өзінің шатақ мінезінен болар?” деген сынды сауалдардың астында қалып еді. Қазірдің өзінде де бұл сауалдар жауапсыз қалған. Бірақ, әнші “Той жыры” бағдарламасында отбасылық өмірінің үзік сырларымен бөлісті.
Сүйіп қосылған жары бастапқыда Мақсат Базарбайұлының әнші екенін де білмеген. Әсел Жаутекова есімді арумен кездейсоқ жолығып, бірге отбасын құруға асыққан. Көңілін барынша аулауға тырысып, концертке билет алып беретін болған. Артынша келіншегін алып қашып, арада бір жыл өткен соң той қамына кіріседі.
Әншінің айтуынша, 200 адамға арналған тойды сол кезде демеу болған ағаларының, ағайын-туыстарының көмегімен жасаған.
Екі жас сол кезде айлық ақысы 6 000 теңге тұратын пәтердің төлемақысын бере алмай, қоныстарын жиі ауыстыруларына тура келгенін де жасырмады. Бірақ, бұл 9 жыл перзент сүймеудің жанында түкке тұрмайтын қиындықтары болған екен.
“Үйленген соң тоғыз жылдай перзент көрмедік. Бірақ шыдаммен төзіп бердік” деген әншіні жары “Алланың бір сынағы болды” деп қостап, өзінің барынша сабырлы екенін танытты.
Осы күнде үш ұл баланы тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылардың кезінде арасына түсіп, ажырастырмақшы болған жандар көп болған. Әнші әкесінің қазаққа тән тектілікті құп көргені ме, әлде екі жастың алда бақытты болатынын сезгендігі ме баласына ажырасу туралы мүлдем сөз қозғамауға кеңес берген екен. Мақсат мырза да бұл туралы мүлдем ойламағандығын айтты.
Аңсар, Айбар, Аят есімді үш ұлдың ата-анасы жақында төртінші перзенттерінің дүниеге келуін асыға күтіп жүр. Екі жастың көп сыннан сүрінбей өткен тағдыры жасқа үлгі болып қана қоймай, қиналған жандарға қиындыққа төзе білуге көмектесетіні анық.