Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәһрге көлік сұраған қазақстандық қалыңдықты күйеу жігіті тастап кетті

Мәһрге көлік сұраған қалыңдықты күйеуі тастап кеттіФото: Видеодан скриншот

Желіде қалыңдық мәһрге көлік сұрағаны үшін неке қидырудан бас тартқан күйеу жігіттің видеосы қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желіде неке қию рәсімінде болған күтпеген жағдайдың видеосы тарады. 

Кадрларда имам жас жұбайларға мәһрдің мәнін және шариғат бойынша ең төменгі мөлшерін түсіндіреді. Оның айтуынша, ең төменгі мәһр – 4,25 грамм алтын, бұл шамамен 150 мың теңге.

Кейін қалыңдық өз талабын айтты.

“Маған мәһрге Changan көлігі керек”, – деді ол.

Күйеу жігіт алғашында таңданып болашақ келіншегіне қарайды. Ал имам “Өзара келістіңіздер ме? Алып бере аласыз ба” деп сұрайды. Қалыңдық екінші жауабында да көлік қалайтынын айтады. 

Осы сәтте күйеу жігіт “Некені қимай-ақ қояйық” деп орнынан тұрып кетіп қалады. Қонақтар болған жағдайға есеңгіреп қалса, қалыңдықтың өзі де мұндай шешімді күтпегені байқалады.

Видео әлеуметтік желіде тез тарап, қолданушылардың арасында екіұдай пікір қалыптастырды. Бір тарап мәһр – қалыңдықтың құқығы екенін, сондықтан не сұраса да өзі білетінін жазған.

“Мәһр алып бере алмасаңдар, несіне үйленесіңдер?!”, “Негізі мәһр әйелдің күйеуі қайтыс болған жағдайда өзінде кемі бір нәрсе болуы, сол арқылы өзін де, балаларын да асырауға көмектесуі үшін берілген. Ал исламда мәһр – ер адамның міндеті әрі қарызы”, “Ер азаматтың көңілі шын болмай тұр ғой, әңгіме көлікте емес”, – деп жазды олар.

Ал екінші тарап қыздың тым артық кеткенін айтып, некені басталмай жатып бұзды деп есептейді.

“Дұрыс жасадың, дүние қуған қыз әйел болмайды”, “Көлік деп байсыз қалдың”, “Еркек дұрыс жасады”, “Мына еркек нағыз еркек екен салмақты, ойында саралай біледі. Уәденің не екенін біледі. Ең бастысы адал екенін көрсетіп кетті. Әйел үшін Құдайдың үйінде өтірік айтпай, кесіп тастады. Өте орынды”, “Сауап болды”, – деп жазды олар.

Айта кетейік, бұған дейін желіде күйеуінен мәһрге принтер сұраған мұғалім көпті күлдіргені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 09 Ақпан, 2026 11:57