Махмұд Сабырхан ауыр нокаутпен әлем чемпионатының ширек финалына шықты

Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан Ливерпульде өтіп жатқан 2025 жылғы әлем чемпионатында жарқын жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол 1/8 финалда Косово өкілі Башким Баджокуды нокаутпен ұтып, ширек финалға жолдама алды.
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ. Бірінші раундта Сабырханның дөп тиген соққысы қарсыласын нокдаунға жіберді. Баджоку рингке қайта тұра алмай, жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды.
Айта кетейік, Ливерпульдегі бұл турнир — World Boxing ұйымы өткізген алғашқы ересектер арасындағы әлем чемпионаты. Жарыс 14 қыркүйекке дейін жалғасады.

