"Маған Еркін Ізбасар сенді": Олимпиада жүлдегері Нұрислам Санаев қалай азаматтығын ауыстырып, қазақстандық болғанын айтты
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаев қалай азаматтығын ауыстырып, қазақстандық атанғанын айтып берді. Айтуынша, елге оралып, Қазақстанның атынан өнер көрсетуге оны меценат, экс-спортшы Еркін Ізбасар шақырған. Бұл туралы ол ”Время” газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Нұрислам Санаев спортқа бастауыш сыныпта оқып жүргенде келген. Бір күні көршілес спорт мектебінің жаттықтырушысы іріктеу жариялаған. Барлық қарсыластарынан жеңіліп қалғанына қарамастан, жаттықтырушы Нұрисламды спорт мектебіне шақырған.
"Күреске деген махаббаттан ғана емес, жаттықтырушының сөзінен кейін де келістім. Спорттың арқасында түрлі елдерді көретінімді айтты. Ал менің Чаданнан (авт. РФ, Тува республикасындағы қала) шыққым келетін", - дейді Нұрислам.
Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде ол күресті біржола тастамақ болыпты. Толассыз жеңілістерден кейін атасы мен әжесінің жүзіне қараудан ұялған.
"Санаев ештеңе жеңе алмайды, несіне оны жарыстарға жібере бересіздер? – деп әрі айтатын", - дейді спортшы.
Алайда атасы мен әжесі Нұрисламға түбінде жеңіске жететініне сенген. Арада қаншама жылдар өтіп, Санаев оқу бітірді. Күресін де тастаған жоқ. Бірақ қанша талпынса да, ауыз толтырып айтатындай нәтиже көрсетпеді. Есесіне 2014 жыл оның өмірін күрт өзгертті. Қазақстан мен Ресейге танымал ақтөбелік меценат Еркін Ізбасар (бұрынғы спортшы, "Четыре брата" қылмыстық тобының жетекшісі, ұзақ жылға сотталған) оған Қазақстан атынан өнер көрсетуге ұсыныс жасаған.
"Оның Ақтөбеде іріктеу ұйымдастырғанын, Алматыдан жаттықтырушылар шақырғанын естідім. Достарымның көмегімен билетке ақша таптым. Тек бір бағытқа, себебі ешкімде артық ақша жоқ еді", - дейді Санаев.
Ақтөбеде өткен іріктеу кезеңінде Нұрислам тағы да қарсыластарынан жеңіліп қалды. Бірақ осы жерде күтпеген оқиға орын алған.
"Ізбасардан басқаларының барлығы, менен үміт жоқ деді. Бірақ неге екені белгісіз, ол (авт.Ізбасар) менің қолымнан келетініне сенді. Сол кеште ол маған билетке ақша берді. Туваға барып, құжаттарымды жинап, азаматтығымды ауыстыру керек болды. Барлығын басынан бастауға тура келетінін айтты", - дейді Санаев.
Санаев Ізбасардың қылмыстық әрекеттерінен хабарсыз екенін жеткізді.
"Білмеймін, қазбалаған да емеспін. Ол мені қолдады. Ол кісіде бәрі жақсы болсын", - деп қысқа қайырды спортшы.
Санаевтың айтуынша, қазір ол ауылдарға жиі барып, дарынды балаларды іздеп жүр. Болашақта өзін жаттықтырушы ретінде көретінін айтады.