Мәдениет және ақпарат министрлігі киностудияларды тікелей қаржыландыруды қолға алмақ
Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева 17-ші Еуразиялық кино фестивалінің ашылу салтанатында Қазақстан киностудияларын тікелей қаржыландыруды бастайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: facebook/kazakhfilmstydios.kz
Аида Балаеваның айтуынша, заң қабылданған жағдайда тікелей қаржыландырудың шамамен 30%-ы "Қазақфильмге" бағытталмақ.
"Заң президентке қол қоюға осы жылдың соңына дейін жіберіледі. Заңның қабылдануы көптеген мәселені шешуге, киностудияның мұрасын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл оның қаржылық жағдайын тұрақтандырып, жұмысын тиімдірек етеді", – деп пікір білдірді Балаева.
Бұл жаңалық киноиндустрия өкілдерінің қатысуымен өткен шарада үлкен қошеметке ие болды. Осы жылдың басында мәдениет министрі "Қазақфильмнің" қиындықтарға тап болғанын мойындап, бұл мәселелерді шешу үшін шаралар қабылданатынын уәде еткен еді. Алғашқы қадам ретінде 2019 жылы кино өндірісін басқару құқығы "Қазақфильмнен" Кино дамыту орталығына берілген еді. Оны министр қайта қайтаруды жоспарлаған.
Еске салайық, бұған дейін “Қазақфильм” қызметкерлері еңбекақы алмай жүргендеріне бір жыл болғанын айтып, бейбіт шеруге шыққанын жаздық. Аниматор мамандар киностудия басшысы Азамат Сатыбалдыдан соңғы бірнеше жылғы еңбегінің ақысын талап етіп отыр. “Қазақфильм” аниматорлары кейінгі жылдары “Алтын адам” толықметражды анимациялық фильмін түсірді. Таспа дайын болғанымен тапсырыс беруші жұмысты қабылдамаған. Салдарынан киностудияның 50 шақты қызметкері айлықсыз қалды.