Мүгедек қалпынан аяққа тұрған қыз тұрмысы төмен болса да қайырымдылықпен айналысуда
Халқымызда: «Қайырымдылық ісіңнен көрінеді», – деген сөз бар. Алайда бұл асыл қасиет екінің бірінің бойынан табыла бермейтінін мойындау керек.
Десек те арамызда қолынан келгенше мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауға асығып тұратын адамдар жоқ емес. Солардың бірі – шымкенттік Назгүл Тілеулесова, деп жазады Замана газеті.
Түлкібас ауданының тумасы мүгедек және мұқтаж жандарға қол ұшын беруді біраз жыл бұрын қолға алған екен. Ел ішінде азық-түліктен таршылық көріп отырған отбасылар, күн суықта жылы киім таппай бүрсеңдеген балалар, жанына батқан ауруын басатын дәрі-дәрмек алуға шамасы жетпейтін жарымжан жандар көп екеніне көзі жеткенде бастаған ісінің ауқымы мен мүмкіндігін кеңейтуді дұрыс деп тауыпты. Сөйтіп 2014 жылдың мамыр айында қайырымдылық қорын ашқан. Содан бері қиналған жанның жағдайын сұрап, мұқтаждың керегін тауып беру үшін бір сәт те тыным таппайтын Н.Едігеқызымен сөйлесудің сәті түскен еді.
«Сексен сегіздің сәуірінде дүниеге келдім, – деді Назгүл. – Үш балам бар. Бақуатты жандардың қатарынан емеспін, жұрт қатарлы тіршілік етіп келе жатқан қарапайым жандардың бірімін. Тағдырдың маңдайыма жазылған түрлі тауқыметін бір кісідей тартқан жанмын. Біраз жыл бұрын жол апатына түсіп, аяғым тізе тұсынан 8 жерден сынды. Облыстық ауруханада ұзақ емделдім. Операция да жасалды. Дәрігерлер жарақаттың жазылмайтынын айтып, мүгедектер арбасын серік ететінімді сездірді. Бірақ мен мұндай «үкімге» көне алмадым. Ем іздеп Алматы астым, Ташкентке бардым. Ізденген адам мұратына жетеді екен, бірте-бірте балдақпен жүруге жарадым. Кейін таяқты да тастап, қатарға қосылып кеттім. Өзіміз «сынақ» дейтін осы сәттерде бірі операцияға ақша таппай, екіншісі дәрі алуға да мүмкіндігі болмай жылаған талай адамды көрдім. Екі табанымен топырақты тең басып, тәй-тәй жүруге жарамайтын туа-бітті сал ауруына ұшыраған жас балалардың күйін көргенде жаным сыздады. «Абдурахман» қайырымдылық қоры осы жан күйзелісінен туған шешімнің нәтижесі.
Тәуекел деп белді бекем буып, алға ұмтылған адамға Алла өзі жол көрсетеді екен. Бастапқыда бір жарым жыл өзім ғана жұмыс істедім. Қазіргідей күн суықта жылы киім таппай жаураған балаларға киім әперсеңіз де көздерінде шексіз қуаныш пен алғыс аралас ризашылық тұрады ғой. Осы бір сәтті көрудің өзі қандай бақыт. Азық-ауқаттан таршылық көрген жандарға да қолдан келгенше көмектестім. Сөйтіп жүріп асыраушысынан айырылған жандарды, жетім балаларды, қамқоршысы жоқ қарияларды көрдім. Оларға қайырылмай кету мүмкін емес. Сол себепті көмектің ауқымы мен штатты кеңейту керек болды».
«Абдурахман» қайырымдылық қорында қазір құжаттарды тіркеп, көмек көлемін анықтайтын 5 адам жұмыс істейді. Одан тысқары Қазақстанның әр қаласында 2-ден 20 адамға дейір волонтерлар бар. Қор төрт бағытта көмек көрсетеді: азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және операцияға қаржы қажет жағдайда. Әрбір өтініш тіркеліп, мұқтаж адамның әлеуметтік, медициналық құжаттары мұқият тексеріледі. Сосын мүмкіндік деңгейіне байланысты әрқайсысына қажетіне қарай (қаржылай көмектің жоғарғы шегі – бір миллион теңге) жәрдем көрсетіледі.
Көмек сұраушылар көп екен
Осы жерде мынаны түсіндіре кетейік: қайырымдылық қорының «қалтасында» миллиондаған қаржы жоқ. Көмек мұқтаж жандарға тұрақты спонсорлар, басқа да қол ұшын созуға дайын жомарт жандардан жиналған қаражат есебінен беріледі. Кейде қор басшылығы тиісті мекемелерге хат жазып, жәрдем көрсетуін сұрайды. Мәселен, өткен шілде айында орта жастағы бір әйел бауырына операция жасату үшін қаржы керек деп көмек сұраған. Тексере келе мұндай медициналық қызмет тегін жасалуы тиіс екенін анықтайды. Қор заңгері тиісті мекемеге осы жайында хат жолдап, мәселені бақылауына алғаннан кейін әйел тегін операция жасатуға мүмкіндік алған.
Қор мүшелері қайырымдылық концерттерін де ұйымдастырады. Қазан айының басында Шымкентте әнші Қанат Үмбетовтің қайырымдылық концерті өтті. Одан түскен қаржы шұғыл операцияны қажет ететін үш бүлдіршіннің шотына аударылыпты. Жалпы, бүгінге дейін «Жігіттер» квартеті, Заттыбек Көпбосынұлымен де бірлесе қайырымдылық концерт өткізгені мәлім. Яғни «Абдурахман» қайырымдылық қоры мұқтаж және мүгедек жандарға түрлі шараларды ұйымдастыру арқылы жәрдем көрсетеді.
«Көмек сұрап келушілер өте көп. Операцияға деп ақша сұрайтындардың көпшілігі туа-бітті сал ауруына ұшыраған жас балалар. Эпилепсия ұстамасының жиілігі салдарынан жүрегіне күш түскен сәбилер. Асыраушысынан айырылған көп балалы аналар. Қараусыз қалған қарт адамдар. Мүмкіндігімізге қарай айына 30 шақты адамға көмектесіп жатырмыз.
Мысалы, бір келіншек 8 айлық қызының жайын айтып жылап келді. Тоқ ішектің дәретті сыртқа шығаратын тесігі жоқ, бітеу туылған екен. Оған операция жасамаса өміріне қауіп төніп тұр. Қызылордада өкпе қуысында ауа бар 11 жасар бала көмек сұрап тұрады. Ол жыл аралатып Алматыда операция жасатады екен. Соңғы хабарласқанында: «Операция тегін ғой, бірақ Алматыға барып-қайтатын ақша жоқ, көмектесіңіздерші», – деді. Көрдіңіз бе, ел ішінде күнделікті ішіп-жейтін тамағы жоқ, кезегі келіп тұрған тегін операцияға баруға жолақысы жоқ жандар жетерлік. Біз бәріне де көмектескіміз келеді. Сондықтан шамасы жеткенше, тіпті бір рет болса да көмектесуге әзір жандардың да бізбен байланысқа шықса жақсы болар еді», – дейді Едігеқызы.
«Абдурахман» қайырымдылық қорына 8-702-146-48-82 телефоны арқылы хабарласуға болады. Ал мұқтаж жандарға қол ұшын созғыңыз келсе, қаржыны 8-771-156-26-80 киви-кошелекке аудара аласыздар.
Жіберіп алмаңыз:
Қыздың жарқыраған аяғы туралы желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды (фото)
Жақындарынан айырылған мүгедек жігіт шұлықтан төсеніш тоқып өзін алдандырады (фото)