Лукашенко 2025 жылы өтетін президент сайлауына 7-ші мәрте қатысуға шешім қабылдады
23 қазан күні Беларусь президенті Александр Лукашенко алдағы президент сайлауына қатысатынын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Беларусь президенті Александр Лукашенко 2025 жылы 26 қаңтарда өтетін президент сайлауына 7-мәрте қатысатын болды. Осылайша ол ресейлік журналист Ольга Скабееваның сұрағына жауап берді.
– Александр Григорьевич, президент сайлауына қатысасыз ба? Сайлау өтетін күн белгілі болды, – дейді журналист.
– Иә, жақсы күнді белгілепті, – деді Лукашенко нақты жауап бергісі келмей.
– Мен сайлау өтетін күнді айтып тұрған жоқпын, – деген журналиске ол: “Иә, Оля, мен сайлауға қатысамын” деп жауап берді.
24 қазанда Беларусь Орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлауды дайындау мен өткізудің күнтізбелік жоспарын бекітпек. Президент сайлауы 2025 жылдың 26 қаңтарына жоспарланды. Бұл тәуелсіз Беларусь мемлекетінің тарихындағы жетінші сайлау болмақ. Бірінші президенттік сайлау 1994 жылы өтті. Сол жылғы сайлауда Александр Лукашенко жеңіске жетті. Содан бері мемлекет басшысы өзгерген жоқ. Беларусь президенті бес жыл мерзімге сайланады.
Бұған дейін Беларусьте президент сайлауы өтетін күн белгілі болған еді.