Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Lufthansa ұшағы жолаушының өліміне байланысты Алматы әуежайына шұғыл қонды

Фото: lufthansagroup.com

Lufthansa әуекомпаниясының Мюнхен-Пекин бағытындағы рейсінде жолаушы ұшу кезінде қайтыс болды. Ұшақ Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстан авиация әкімшілігінің мәліметінше, оқиға 26 желтоқсанда LH 0722 рейсінде болған. Ұшу кезінде жолаушылардың бірі ауырып, есінен танып қалған.

“Ұшақ экипажы Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қону туралы шешім қабылдады. Ұшаққа жедел түрде әуежайдың медициналық қызметі мен қалалық жедел жәрдем бригадасы жіберілді”, – делінген хабарламада.


Халық жаппай ұшудан бас тартқан: FlyArystan ұшқышы Астана-Алматы рейсінің жолаушыларын шошытты (видео)


Алматы-Бангкок рейсінде шетелдіктер жанжал шығарып, төбелесті (видео)


Медициналық қызметкерлер келгеннен кейін, жолаушының ұшу кезінде қайтыс болғаны анықталды. Барлық қажет рәсімдер аяқталған соң ұшақ Алматыда жанармай құйып, рейсті жалғастырды. Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:56-да ұшақ Бейжіңге ұшып кетті.

Мәліметке сәйкес, қайтыс болған адам 30 жастағы ер азамат. Ұшу кезінде оның жағдайы нашарлап, болжам бойынша, жүрек талмасы салдарынан көз жұмған.

Полиция не дейді?

Көлік полициясы департаменті қазір тергеу жүріп жатқанын хабарлады. 

“Аталған факті бойынша Алматы әуежайының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Өлімнің алдын ала себебі жедел жүрек жеткіліксіздігі. Марқұм шетел азаматы болған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Қосымша ақпарат Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы бойынша құпия санатында”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Гуанчжоу-Алматы рейсінде қазақстандық жолаушы қайтыс болғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 12:07