Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

LRT ісі: "Астана банкінен" 22,9 миллиард теңге қайтарылды

LRT ісі бойынша 22 миллиард теңге қайтарылдыФото: Gov.kz

“Астана Банкі” АҚ LRT жобасына қатысты іс аясында “City Transportation Systems” ЖШС-ке 22,9 миллиард теңге қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

CTS мәліметінше, бұдан бөлек, қарызды өтеу есебіне 27,4 миллиард теңгенің мүлкі қайтарылған.

Компания өкілдерінің деректеріне сүйенсек, қаражат пен активтерді өндіріп алу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Жалпы берешек көлемі атқарушылық рәсімдер аяқталған сайын нақтыланады. Ал 2025 жыл мен 2026 жылдың басында нақты қанша қаржы түскені жарияланбаған.

CTS процестің ұзаққа созылуын бірнеше фактормен түсіндірді. Атап айтқанда, бұған активтерді іздестіру, сот даулары, мүлікті бағалау, оны электронды сауда алаңдары арқылы сату, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу шеңберіндегі әрекеттерге жасалған шағымдар әсер етіп отыр. Осыған байланысты қарызды қайтару жұмыстарының негізгі бөлігі нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Компания бұл анықталған активтердің көлемі мен атқарушылық рәсімдердің барысына тікелей байланысты екенін алға тартты.

Бұған дейін де осы іс аясында миллиардтаған теңге өндіріліп, мемлекетке ондаған жылжымайтын мүлік нысаны берілген. Сот шешімдеріне сәйкес, қайтарылуға тиіс қаражат көлемі ондаған миллиард теңге болған.

Еске салайық, Астанадағы LRT жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба қаржыландыруға қатысты қиындықтарға байланысты бірнеше рет тоқтатылған. Кейін қытайлық банктен алынған қарыз қаражатының бір бөлігі таратылған “Астана Банкі” де жоғалып кеткені белгілі болды.

Осы іске байланысты Astana LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған. Ол Түркияда ұсталып, Қазақстанға экстрадициялау рәсімдерінің аяқталуын күтіп отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 09:58