Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лондоннан Сингапурға ұшқан ұшақ турбулентті аймаққа тап болып, бір жолаушы көз жұмды

Лондоннан Сингапурға ұшқан Singapore Airlines ұшағы қатты турбуленттілікке ұшырап, бір адам қаза тауып, бірнеше жолаушы жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: dailymail.ok

Әуе компаниясының мәліметіне сәйкес, Boeing 777-300ER ұшағы Бангкокке бағыт алып, жергілікті уақыт бойынша 15:45-те (GMT 08:00) қонды. SQ 321 рейсінің бортында 211 жолаушы мен 18 экипаж мүшесі болған. 

Компания марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтты.

Мәлімдемеде компанияның жолаушыларға медициналық көмек көрсету үшін Таиланд билігімен ынтымақтасатыны және қажет қосымша көмек көрсету үшін Бангкокқа арнайы топ жіберетіні хабарланған.

Суварнабхуми әуежайында ұшақты жедел жәрдем мен құтқару тобы күтіп алды.

Таиландтық Thai PBS телеарнасы турбуленттік салдарынан ұшақ бортындағы 20-дан астам адамның жарақат алғанын хабарлады. Билік зардап шеккендердің нақты санын әлі хабарлаған жоқ.

Кейбір жолаушыларға бас жарақаттары бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ұшақтағы жолаушылардың бірі 28 жастағы Дзафран Азмир Reuters агенттігіне оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді.

"Ұшақ кенеттен төмендеп, дірілдеп, төменге қарай құлай бастады. Жолаушылар қауіпсіздік белдігін тақпаған және отырғандардың бәрі бірден орнынан көтерілді. Кейбірі басын жүк сөрелеріне соғып алды. Шам мен бетперде орналасқан жерлерге соқтығысып, сынып қалды", – деді Азмир.  

Сингапурдың көлік министрі Чи Хонг Тат үкімет жолаушылар мен олардың отбасыларына көмек көрсететінін айтты.

"Мен Лондон Хитроудан Сингапурға SQ321 рейсімен Singapore Airlines ұшағында болған оқиғаны естігенде қатты қайғырдым", – деп жазды ол Facebook-те.

Ұшақ бортында нақты не болғаны белгісіз.

Бангкок әуежайында болған Sky News тілшісі Корделия Линчтың айтуынша, ұшақ әуе қалтасына соқтығысып, содан кейін шұғыл қонған. 

Талқылау