Лола Әділбекова көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды
Көркем гимнастикадан Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне Лола Әділбекова тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: olympic.kz
Лола Әділбекова — халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионаттарының қатысушысы. Сондай-ақ 2002 жылғы Азия ойындарында командалық сында күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Лола Әділбекова бұған дейін бас бапкер қызметін атқарып, қазір Қазақстан гимнастика федерациясының президенті ретінде жұмысын жалғастырып жатқан Әлия Юсупованы алмастырды.
Спортшы бапкерлік мансабын 2010 жылы Шымкент қаласында бастаған. Соңғы жылдары ол Шымкент қаласының аға бапкері қызметін атқарды. 2018 жылы оған "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы" атағы берілді.
Әділбекова бапкерлік қызметінде Қазақстанды халықаралық аренада танытқан бірқатар танымал спортшыларды дайындады. Олардың қатарында: Азия чемпионы және Азия ойындарының командалық жарысында жеңімпаз атанған Даяна Әбдірбекова, Жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушысы Роза Әбітова, Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалисі Эльжана Таниева, 2023 жылғы Азия ойындарының командалық есебінде күміс жүлдегері және жекелей көпсайыста қола жүлдегер Милана Парфилова бар.