Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ливия астанасында атыс болды: Қауіпсіздік қызметінің басшысы қаза тапты

Фото: Видеодан скрин

Ливия астанасы Триполиде атыс болды. Салдарынан 12 мамыр күні Президенттік кеңеске қарасты қауіпсіздік қызметінің басшысы Абдель Гани аль-Кикли атыс кезінде қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Al Wasat басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Президенттік кеңеске қарасты Тұрақтылықты қолдау басқармасының басшысы Абдель Гани аль-Кикли дүйсенбі күні кешке Триполи әскери округінің 444-бригадасы штабының аумағында қаза тапты", — делінген хабарламада.

Триполидің оңтүстігіндегі Айн-Зара және Салах ад-Дин аудандарында атыс дыбыстары естілді. Ливиялық БАҚ-тың мәліметінше, қақтығыстарға байланысты Триполидегі Митига халықаралық әуежайының жұмысы уақытша тоқтатылды.

Триполиде орналасқан Ұлттық бірлік үкіметінің Ішкі істер министрлігі қала тұрғындарын үйлерінен шықпауға шақырды.

13 мамыр күні Ұлттық бірлік үкіметінің қорғаныс министрлігі Триполидегі әскери операция сәтті аяқталғанын хабарлады. 

"Министрлік әскери операцияның сәтті аяқталғанын мәлім етті. Аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жоспардың орындалуын аяқтау жөнінде нұсқау берілді", — делінген мәлімдемеде.

2011 жылы Ливия басшысы Муаммар Каддафи тақтан құлатылып, өлтірілгеннен бері Ливия біртұтас мемлекетке жатпайды. Соңғы бірнеше жылда елдің екі бөлігі бір-бірімен жауласып келеді. Ливияда бір-бірін мойындамайтын екі үкімет бар. Біріншісі – БҰҰ қолдайтын және Абдельхамид Дбейба басқаратын үкімет, ол Триполиде орналасқан. Екіншісі – елдің Өкілдер палатасы өкілеттік берген үкімет, ол Бенгазиде орналасқан және оны Усама Хаммад басқарады.

2021 жылы Женевада БҰҰ қорғауымен өткен Ливия саяси диалог форумы жалпыұлттық сайлау өткенге дейінгі өтпелі атқарушы билікті сайлады. Алайда бұл сайлау әлі күнге дейін өткізілген жоқ.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 08:25