Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ливанда мыңдаған "Хезболла" пейджерлері жарылып, адамдар ажал құшты – Жарылыс қалай болған

17 қыркүйекте Ливанда "Хезболла" қарулы тобының мүшелері пайдаланған пейджерлердің жарылуы салдарынан 12 адам қаза тауып, үш мыңнан астам адам жараланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Сейсенбі күні "Хезболла" тобының тірегі саналатын Бейруттің оңтүстік аймағында және басқа да өңірлерінде жарылыс дыбыстары естілген. Сондай-ақ Сирияда бірнеше пейджердің жарылғаны белгілі болды. Жарылыстар жарты сағаттан астам уақытқа созылған.

Кемінде 12 адам, оның ішінде “Хезболла” қарулы тобы мүшесінің 10 жасар қызы қаза тапты. Мыңдаған адам, соның ішінде Ливандағы Иран елшісі де жараланды.

Фото: AFP

Сондай-ақ 18 қыркүйекте Ливанда байланыс құралдары жарылды. Салдарынан 20 адам қаза тауып, 450-ден астам адам жарақат алды.

"Бейруттың оңтүстік бөлігі мен Ливанның оңтүстігінде тағы да 15-20 жарылыс болды. 17 қыркүйекте жарылған рациялар пейджерлер сияқты кеңінен қолданылмайды. Олар тек жерлеу және шерулер сияқты көпшілік шараларды ұйымдастырғанда таратылады", – делінген хабарламада. 

Жарылыстардың біреуі Хезболла ұйымдастырған жерлеу рәсімінің жанында болған.

"Шетелде күрделі операцияларды ұйымдастырып жүрген Израильдің Моссад агенттігі 17 қыркүйектегі жарылыстан бірнеше ай бұрын Хезболла әкелген пейджерлерге жарылғыш заттарды орнатқан", – деп хабарлады ливандық қауіпсіздік қызметі. 

Ливандық қауіпсіздік көздерінің хабарлауынша, Хезболла байланыс үшін пайдаланатын пейджерлерді Израильдің барлау қызметтері бұзған болуы мүмкін.

"Хезболла" Израильді пейджер жарылыстары үшін айыптап, оған міндетті түрде жауап беретінін айтты. Алайда Израиль бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Ливан қауіпсіздік қызметіндегі жоғары лауазымды шенеуніктердің мәліметінше,  Израильдің Моссад барлау агенттігі жарылыс болардан бірнеше ай бұрын ливандық "Хезболла" тобы әкелген 5 мың пейджерге жарылғыш заттарды орнатқан.

"Моссад кодты алатын құрылғының ішіне жарылғыш заты бар тақтаны енгізді. Оны кез келген құрылғы немесе сканер арқылы анықтау өте қиын", – деп хабарлады ливандық шенеуніктер.

"Хезболлаға" жақын, аты-жөнін атамауды өтінген дереккөз "жарылған пейджерлер “Хезболла” жақында әкелген 1000 құрылғыдан тұратын жеткізілімнің бір бөлігі" екенін айтты.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, ливандық қауіпсіздіктік комитеті пейджерлердің басқалары сияқты мәтіндік хабарламаларды қабылдайтынын анықтады. Алайда бұл пейджердің телефон қоңыраулары үшін пайдаланылмайтын AP924 екені мәлім болды. Дереккөздің айтуынша, бұл пейджерлерді Тайваньның Gold Apollo компаниясы жасаған.

Фото: Getty images

Алайда, Тайвань фирмасы жарылыс кезінде пайдаланылған пейджерлердің Gold Apollo брендін пайдалануға лицензиясы бар Будапешттегі BAC Consulting компаниясы шығарғанын айтты.

"Өнім біздікі емес. Онда тек біздің бренд болды", – деді Gold Apollo негізін қалаушы және президенті Хсу Чинг-Куанг.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жаңа пейджерлерде үш грамға дейін жарылғыш зат бар. Оны “Хезболла” қарулы күштері бірнеше ай бойы байқамаған. 

Орталық барлау басқармасының бұрынғы сарапшысы Майк Диминоның айтуынша, Израиль барлау қызметкерлері "Хезболлаға" байланыс құрылғыларын кім жеткізетінін және қандай құрылғылар қолданылатынын алдын ала анықтаған. 

"Бұл классикалық диверсиялық операция болды. Израильдық барлау қызметкерлері жақсы жұмыс істейді ", – деп жазды Димион X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында.

Sky News Arabia ақпарат көздерінің мәліметінше, байланыс құрылғыларын Моссад барлау қызметі Израиль мен Батыс елдері лаңкестік топ деп санайтын “Хезболла” ұйымына бермей тұрып қолға түсірген. 

Байланыс құрылғыларын қалай жару керек

Sky News Arabia ақпарат көздерінің хабарлауынша, Моссад агенттері құрылғылардың батареяларына қуатты жарылғыш зат PETN (пентаэритритол тетранитрат) мөлшерін орналастырып, батареялардың температурасын алыстан көтеріп, жарып жіберген. 

Wall Street Journal басылымының мәліметінше, кей адамдар жарылыс алдында пейджерлердің қызғанын сезген. Қызып кеткен литий-иондық батареялар өртеніп кетуі мүмкін. Алайда сарапшылардың айтуынша, пейджерлер бұзылып, қызған күнде де мұндай күшті жарылыс тудырмауы керек. 

Фото: Anadolu

Британдық армияның бұрынғы қызметкері Фрэнк Гарднердің айтуынша, пейджерлерде 10-20 грамм аралығында күшті әскери жарылғыш болуы мүмкін.

“Жарылғыш заттар жалған электронды бөлікке жасырылған болуы мүмкін. Содан кейін жарылғыш құрылғылар арнайы әріптік-цифрлық хабарлама арқылы іске қосылған. Сосын пейджерді алғаш іске қосқан адам жарылып кеткен”, – дейді Гарднер.

Жарылғыш заттар бойынша сарапшылар жарылмай қалған бірнеше пейджердің табылғанын айтты. Тергеу аясында, шамамен бұл іске қатысы бар алты ел тексеріліп жатыр екен. 

Бұл жағдайды әлем елдері қалай қабылдады

Ливан премьер-министрі Наджиб Микати "Ливанның егемендігін өрескел бұзу және барлық стандарттар бойынша қылмыс" саналатын жарылыстар үшін Израильді айыптады.

Тегеран Израильдің әрекетін “лаңкестік әрекет және жаппай өлтірудің үлгісі” деп атады.

Израильдің ең жақын одақтасы АҚШ Иранды шиеленісті ушықтырмауға шақырып, мемлекеттердің болған оқиғаға еш қатысы жоқ екенін айтты.

"АҚШ болған оқиғаға қатысы жоқ. Америка Құрама Штаттары бұл оқиға туралы алдын ала білмеген және қазір ақпарат жинап жатырмыз", – деді Мемлекеттік департаменттің өкілі Мэтью Миллер.

Австралиялық отставкадағы генерал-майор Мик Райанның сөзінше, егер пейджер жарылыстарын Израиль ұйымдастырған болса, бұл Хезболла мен оның басшылығын ауыр зардаптарға әкелетін еді.

"Израильдіктер Хезболланың байланыс желілері мен жеткізу тізбегіне қол жеткізу мүмкін екенін көрсетті. Бұл "Хезболла" ұйымының әрбір мүшесіне ұйым жеткізген коммуникациялар мен басқа да жабдықтарға сену керек пе дегенді қайта қарауға негіз береді", – деп жазды Райан.

Талқылау