Лифтіде көз жұмған журналистің әпкесі: ПИК адамдары келіп оның ажалы, өздері кінәлі деп кетті
Ақтөбеде лифтіде қаза болған журналист Айзат Әбдісаматтың жақындары ренішін айтты.
«Ауылға қайтпай қызым тұрған пәтердің қырық күн шамын жағып отырдым. Қыршын кеткен қыздың артында кішкентай баласы қалғанын бәрі біледі. Ешкім келіп оның жағдайын сұраған емес. Әр бала бірінші анасын сұрайды емес пе, Айзатымның қызы мамасы туралы сұраған емес. Ол шешесінің қиналғанын көрді. Баланың қайғысы ауыр. Айзатымның қазасына кінәлілер жауап берсін», — дейді марқұмның анасы Айша Төлемісова.
Тележурналист Айзат Әбдісамат қаза тапқан лифт сол күйі тұр. Қайғылы оқиғаның болғанына екі айға жуық уақыт өтсе де жеделсаты жөнделмеген күйінде тұр, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
«Енді менің бауырым қыршын кетті. Қалған халыққа жағдай жасап бермей ме? Біз жылап отырған кезде ПИК адамдары келіп оның ажалы, өздері кінәлі деп кетті. Күнделікті кіріп жүрген лифтіден қауіп болады деп ойламаған шығар. Қысылған күйінде екінші қабатқа барып қадалған. Сол лифтіні дұрыстап қойса, бауырым бұлай болмас еді. Өзінің кінәсі деп ПИК (КСК) қызметкерлерінің айтатын жөні емес еді. Олар тұрғындардың өздері кінәлі деп отыр. Ол кісінің сөзі бізге батып кетті. Лифт әлі жөнделмей тұр. Мына жерде қаншама адам қорқып отыр. Біз кінәлі адамның жазалануын сұраймыз. Үш жасар баланың анасын қайдан тауып береді?» — дейді Гүлжайнар Қарашолақова.
Тағы да оқыңыз:
Ғалымдар алғаш рет тұмауды емдеудің тиімді жолын тапты
Премьер-министрдің күйеу баласы: Бақыт Ибрагим деген кім
Баспана бәріне бірдей берілмейді: Назарбаев арзан баспананы алдымен кімдер алатынын айтты