Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ЛГБТ-ға жату құқықбұзушылық болып есептелмейді": Әділет министрлігі жаңа заңға пікір білдірді

ЛГБТФото: D. Giraldez Alonso/Getty Images

Сенат депутаттары Әділет министрлігінен ЛГБТ насихатына тыйым салу нормасының Қазақстанның халықаралық келісімдеріне қарсы келмейтінін нақтылауын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың айтуынша, Қазақстан көптеген халықаралық келісімдердің, соның ішінде азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің қатысушысы. 

“Халықаралық құқық пікір білдіру құқығын шектеуге мүмкіндік береді, бұл пактінің 19-бабының 3-ескертпесінде көрсетілген. Алайда мұндай шектеу міндетті түрде заңда бекітілуі тиіс және ол мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, моралдық құндылықтарды және денсаулықты қорғауға негізделуі қажет”, – деді ол.

Вице-министр ЛГБТ-ға жату құқықбұзушылық болып саналмайтынын, норма тек насихатқа қатысты екенін айтты.

"ЛГБТ-ге жату Қазақстанның заңнамасына да, халықаралық құқыққа да қарсы келмейді, біз бұл үшін жауапкершілік белгілемейміз. Бұл тек ЛГБТ-ны қоғамдық деңгейде насихаттауға қатысты. Қорытындылай келе, айтарым, бұл норма Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерге сәйкес келеді”, – деді Ботагөз Жақселекова.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пленарлық отырыста заң жобасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Оның айтуынша, аталған мәселе 2024 жылдың маусым айынан бастап, порталға орналастырылған петиция талқыланған сәттен бері жан-жақты қарастырылып келеді. Осы кезеңде жұмыс тобының құрамына осы салада жұмыс істейтін барлық үкіметтік емес ұйымдар тартылған.

"Барлық отырыстар ашық әрі барынша айқын форматта өтті. Әрбір кезеңде қатысушылардың пікірлері тыңдалды. Біз түрлі алаңдарда кездесулер ұйымдастырдық. Атап айтқанда, маусым айында БҰҰ-ның Еуропалық кеңсесінде өткен әмбебап мерзімді шолу есебін қорғау барысында сарапшыларға заң нормалары бойынша түсініктемелер берілді, – деді вице-министр.

Сонымен қатар, Әділет министрлігі жанындағы Еуропалық Одақпен бірлескен жұмыс тобы аясында да бұл нормалар шетелдік әріптестермен талқыланған.

Кочетовтың айтуынша, Азаматтық форум барысында да әртүрлі министрліктердің, соның ішінде Әділет министрлігінің базасында арнайы алаңдар ұйымдастырылып, үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер өткізілген.

“Яғни, заң жобасындағы өзгерістерді түсіндіру бойынша жұмыс жеткілікті деңгейде жүргізілді”, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Сенат ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдаған еді.

Рая Мінәп
Бейсенбі, 18 Желтоқсан, 2025 13:01