LG компаниясы алғаш рет әлемдегі ең икемді дисплейді ұсынды
Оңтүстіккореялық LG компаниясы созылмалы дисплейді алғаш болып жасап шығарды. Өндіруші ерекше дисплейді 8 қарашада Сеулдегі LG ғылыми саябағында өткен өнеркәсіптік жиналыста таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Straits Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: lgdisplay.com
Икемді дисплейді жасау үшін компания бес жыл бойы зерттеу жүргізген. Сөйтіп құрылғыны 50%-ға дейін созылатындай нәтижеге қол жеткізді. Компания бұл саладағы ең жоғары көрсеткіш екенін алға тартты.
Құрылғы 46 см-ге дейін кеңейетін 30 сантиметрлік экранмен жабдықталған. Сыйымдылығы жоғары, 2,5 сантиметрге 100 пиксель. Сондай-ақ RGB түстерінің толық ауқымын қамтиды. Дисплейдің тағы басқа артықшылықтарына оның 10 мыңнан астам созылуы, соққыға, аязға және ыстыққа төзімділігі жатады. Құрылғы жеңіл әрі қисық заттарға да бекітіле береді.
Бастапқыда LG құрылғыны 20%-ға созыла алатындай етіп жасауды жоспарлаған. Бірақ жаңа технологияларды қолдану арқылы бұл көрсеткішті арттырды. Дисплей контактілі линзаларда қолданылатын кремний материалынан жасалған арнайы төсем мен жаңа электр сымдарының схемасынан жасалды.
“Икемді дисплей "озық технология" болып саналады. Өйткені оны созу, бүктеу және бұрау арқылы кез келген пішінге өзгертуге болады”, – дейді компания.
8 қараша күні құрылғының тұсаукесерінде LG созылмалы дисплейді көлікте және өрт сөндіру қызметінде қолдануға болатынын айтты. Негізінен құрылғыны кез келген саладағы қызметте пайдалануға болады. Сән саласынан бастап, көлікке дейін.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді