Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Легионерлердің тасасында қалған чемпион: 5 дүркін әлем чемпионы Кристина Шумекова неге Олимпиададан тыс қалды?

Кристина мен МихаилФото:Stan.kz collage

Қазақстандық Кристина Шумекова жуырда Германияның Инцелль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бес мәрте топ жап, абсолютті чемпион атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды.

Алайда 19 жастағы спортшының не себепті Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатыспағаны түсініксіз.

Спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы Кристина Шумекованы Ресейден келген легионерлердің тасасында қалып қойғанын айтады.

    “Бұл қызды неге Олимпиадаға апармаған? 19 жаста екен, қатысуға ешқандай шектеу жоқ. Неге біз Ресейден келген 29 жастағы Елизавета Голубева мен 26 жастағы Кристина Силаеваны Миланға апарып, біреуінің жетінші орын алғанын мақтан тұтып жүрміз? Ақыры медаль болмаған екен, онда Кристина сияқты өз таланттарымыз шыңдала бермей ме? Неге біз бар күшін Ресейге сарқып беріп, әлем чемпионаттарында алты медальді өз еліне сыйлаған Голубеваны көкке көтереміз? Тіпті, 1000 метрге жүгіруде Шумекованың нәтижесі Голубеваның Олимпиададағы көрсеткішінен сәл жақсырақ. Шыны керек, осы легионер спортшылар әбден шаршатты. Күресте де Шамиль Ожаев деген біреу жүр, бірақ айтарлықтай нәтиже көрсетіп жатқан жоқ”, – дейді Ақырыс Сейтқазы.

Кейбір ақпарат көздерінің мәліметінше, Кристина Шумекова Олимпиадаға барудан өзі бас тартқан. Алайда журналис бұл пікірмен келіспейді. Ол ешбір спортшы Олимпиададан өз еркімен бас тартпайтыны атап өтті.

    “Маған Шумековаға қатысты екіұдай пікірлер жетті. Бірі оның Олимпиададан өзі бас тартқанын айтады. Бірақ Олимпиададан кім бас тартады? Тағы бір ақпарат бойынша, команданың бас бапкері мен Кристинаның жеке бапкері бір-бірін жақтырмайды екен. Соның салқыны тиюі де мүмкін”, – дейді Сейтқазы.

Журналистің айтуынша, осындай жағдай 2022 жылы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты орын алған.

    “Негізі, Михаил Шайдоров та 2022 жылғы Олимпиадаға баруы тиіс еді. Сол жарыс қарсаңында ол төрт айналымдық тулупты сәтті секіріп жүрген. Бірақ оны да әдейі жібермей қойды”, – дейді журналис.

Айта кетейік, 21 жастағы Михаил Шайдоров “Милан-2026” Олимпиадасында топ жарды. Осылайша, Қазақстан қоржынына 32 жылдан кейін тарихи алтын жүлде түсті. Бұған дейін Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарындағы алғашқы алтынын 1994 жылы Владимир Смирнов жеңіп алған.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 12:22