Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Labubu ойыншығын шығаратын компанияның нарықтық құны "ҚазМұнайГаздан" екі жарым есе асып түсті

The Straits Times Лабубу ойыншығыФото: The Straits Times

Labubu атты ерекше кейіпкер тек ойыншық емес, миллиардтаған қаржы әкелетін табыс көзіне айналды. Қытайлық компания шығаратын ойыншықтың нарықтағы құны 42 миллиард долларға жеткен. Бұл көрсеткіш Қазақстанның ең ірі ұлттық компаниясы "ҚазМұнайГаздың" бағасынан екі жарым есе артық. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қытайлық Pop Mart компаниясы шығарған Labubu атты жұмсақ ойыншық қазір нағыз хитке айналды. Әсіресе, шетелдерде сұраныс күрт өсіп, соның арқасында бұл компанияның нарықтық бағасы 42 миллиард долларға (22,3 триллион теңге) жетті. Бұл Қазақстандағы ең ірі ұлттық компания саналатын "ҚазМұнайГаздың" бағасынан шамамен екі жарым есе көп. Салыстырмалы түрде айтсақ, қазақстандық компанияның қазіргі нарықтағы құны – 17,2 миллиард доллар (9,1 триллион теңге).

Дегенмен Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығы өткен айда еліміздегі ірі компаниялардың бірі "ҚазМұнайГаз" жыл басынан бері 15% өсім көрсетіп, 19,7 миллиард долларға жеткенін хабарлаған еді.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Pop Mart компаниясының кірісі соңғы уақытта 200% артса, таза пайдасы 4,5 есе өскен. Ал акциялары жеті есе қымбаттап, компанияны әлемдік қаржы ойыншыларының қатарына шығарды.

Компанияның бұл серпілісін сарапшылар жарқын әрі ерекше дизайнмен, коллекция жинауға арналған тиімді маркетингпен және халықаралық нарыққа сәтті шығумен байланыстырады.

Айта кетейік, Labubu – 2015 жылы Гонконгтік суретші Касинг Лунг (Kasing Lung) жасаған кейіпкер. Ойыншық тек Pop Mart дүкендер желісінде сатылады. Қазақстанда да Labubu-ды Molly, Dimoo және Skullpanda сынды әйгілі коллекциялық ойыншықтармен қатар жинайтындар көбейіп келеді.


Диабетке шалдыққан Барби: Ойыншық шығаратын компания жаңа қуыршақты таныстырды


Қазақстандық медицина мамандары трендке айналған Лабубудың зиянын айтты


Еске салайық, бұған дейін Labubu атты монстр-қуыршақ Рop Mart компаниясымен бірлесіп шыққаннан кейін, TikTok желісінде трендке айналып, әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болғанын жазған едік. Оны Рианна мен Дуа Липа сияқты жұлдыздар аксессуар ретінде пайдаланып, қуыршақ сәннің бір бөлігіне айналды. Сұраныс артып, бағасы күрт өсті. Алайда Ұлыбританияда Labubu үшін жанжал шыққан соң, Pop Mart компаниясы сатылымды уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 13:00
Талқылау