Қызылордалық қалың мал мен беташарды білмейтін құдаларына ренжіп, жастарды ажыратқан
Жуырда редакциямызға Алтынай есімді бойжеткен хабарласты. Басынан өткен жағдайды айтқан ол оқырмандардан ақыл-кеңес сұрайтынын жеткізді. Университетті тәмамдаған Алтынай арман қуып Алматы қаласына кеткен. Қызылордада қалған ата-анасымен ұдайы байланыс жасап, тапқан табысынан үйіне жіберіп отырған.
«Жұмыс жасап жүріп, Мейірбек есімді жігітпен таныстым. Арамызда махаббат сезімі пайда болып, жиі кездесетін болдық. Жігіт орысша білм алып, орысша тәрбиеленгендіктен қазақ дәстүрлерін дұрыс білмейді. Мен әуелгіде бұл жағдайға мән бермедім», – дейд Алтынай.
Қыз ауылына қайтпақшы болған сәтте алматылық жігіті оны алыпқашқан. Үйіне алып барып, ата-анасына таныстырған.
«Қатты таң қалдым. Қызылордада үйге келін түсіргенде дүркіретіп той жасап, қалыңдықтың бетін ашады. Ал, біздің тойымыз да болған жоқ. Жақын туыстары келіп, құттықтап жатты. Тіпті, Қызылордаға кешірімге барғандар болған жоқ. Қалың мал туралы әңгіме қозғалмады. Үйдегілерге хабар бергенімде, ата-анам қатты ашуланды. Бірнеше күннен кейін, әкем Алматыға келіп мені үйге алып кетті. «Тегін беретн қызым» жоқ деп айқай шығарды», – дейді ол.
Қазір Алтынай Қызылордада, жұмысқа да тұрған. Ал салт-дәстүрден бейхабар күйеуімен бірге тұрмағаннан кейін арадағы байланыс та үзіліп келе жатқанын айтады. Бір елде тұрып, екі түрлі дәстүрді ұстанған жандардың кесірінен бақытынан айырылып қалғанын ойлап, жиі жылайды екен. «Қайтып келге қыз» атанғандықтан туыстарының ортасында отырып, емен-жарқын әңгіме айтуға тартынып қалған. Іштей әкесіне ренжіп, кінәлайтынын да жасырмайды.
Бойжеткен сүйіктісіне қайта оралуды жүрегімен қалағанымен, ата-анасының ақ батасын алмай кетуге батылы жетпей жүрген көрінеді. Ал, туыстары өз кезегінде қалалық құдалар «абыройымызды аяқасты етті» дегеннен танбай отыр екен.
Салт-дәстүрге қатысты сіз қандай да бір мәселеге тап болған болсаңыз редакциямызға хат жазып, бөлісе отырыңыз. Ал екі оттың ортасында қалған Алтынайға қандай кеңес беретін едіңіз?
Оқи отырыңыз:
ШҚО мектептерінде салт-дәстүр сабақ ретінде оқытылады
Қазақтың салт-дәстүрлері Ислам дініне қайшы ма
Қытай қазақтары ат шанамен той серуенін жасап, салтқа сай қыз ұзатты (фото)