Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада құлаған үй: Тұрғындарға 6 ай уақытша баспана беріледі

Қызылордада бір жақ бөлігі құлаған жатақхана түгелдей сүрілетін болды.  Дегенмен, жақында бөлмелерін жөндеуден өткізіп, жаңа мүліктері қиранды астында қалған тұрғындар кімнен араша сұрарын білмейді. Бұл туралы КТК аранасы хабарлады.

Үйдің құлаған бөлігінде адамдар болмаған. Дегенмен, келесі шетіндегі 46 отбасы түн ортасында жақын маңдағы мектепке көшірілді.

Төтенше жағдай кеше түнде Титов кентінде болды. 5 қабатты жатақхананың бір бөлігі құлап, үйіндіге айналған. Зардап шеккен адамдар болған жоқ.

“Қаншама зат ішінде қалды. Жақында жөндеу жасадық. Батарея тарттық. Енді шығынды кім өтейді?”, –  дейді жатақхана тұрғыны Сая Нұсамбекова.

Апаттан үйдің сол жағында тұратын халық та қатты қорқып қалған. Сондықтан, түн ортасында сергелдеңге түскен жұртқа психологиялық көмек көрсетілді. Әрі 46 отбасы бірден жақын жердегі мектепке көшіріліпті. Олар тамақ және дәрі-дәрмекпен қамтылған. Десе де, мұндағы жағдайға көңілдері толмай отыр. Әсіресе, мүгедектерге қиын соғуда.

“«Мұрагер» мектебіне апарды, бұл жақта мүгедектерге жағдай жасалмаған ғой. Бір-екі сағат отырдық та, кеттік. Үйің қирап жатқанда қайдағы ұйқы?”, – дейді жатақхана тұрғыны Роза Кеңесбаева.

Жатақхана тұрғындары мектепте ұзақ тұрақтамайды дейді билік өкілдері. Яғни, олар жалдамалы пәтерге қоныс аударады. Оның 6 айлық ақысын мемлекет мойнына алмақ.

“Мәслихаттың шешімі бар, осындай жағдайлар орын алғанда, осы тұрғындарды уақытша пәтермен қамтамасыз етуге. Сол бағыт бойынша біз жұмыс жасап, біз осы 46 отбасын сол бағытта орналастырып, жұмысымызды жасаймыз”, – дейді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов.

Тіпті, жарты жылдан кейін мемлекеттік бағдарламамен үй беріледі деп уәдені үйіп-төкті. Сонда да, қарашаның далада қаламыз ба деген үрейі басылар емес. Өйткені, бұған дейін бөлмелерін жекешелендірмепті. Ал, опырылған нысан түбегейлі сүрілетін болды. Негізі бұл жатақхана жарты ғасыр бұрын салынған. Соған қарағанда, апатқа оның әбден ескіруі себеп болуы мүмкін. Бірақ, жазатайым оқиғаның нақты себебі енді анықталады. Белгілісі, бұған дейін үй апатты деп танылмаған. Қазір оқиға орнында құтқарушылардың жұмысы жалғасуда. Олар үйінділерді тазартып жатыр. Ал, үйсіз қалған халықтың жағдайын назарда ұстау үшін арнайы комиссия құрылды.

Тағы оқыңыз:

Рудный телеарнасының ғимаратынан скотчпен оралған күдікті қорап табылды

Инспектор телефонына 1000 теңге аударған адамға 481 мың теңге айыппұл салынды

Сырдария өзенінде 30 жастағы әйел өз-өзіне қол жұмсамақшы болды

ІІМ: Астана әуежайын су басып кету қаупі бар

Талқылау