Қыз бен жігіт сияқтымыз: Мейрамбек Бесбаев отбасылық бақыты жайлы айтты
Қазақ эстрадасының королі атанған Мейрамбек Бесбаев жұбайы жайлы айтты. Ол бұл өмірде сүйген қызына үйленген бақытты жігіт екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, отбасында ақшаны кімнің ұстайтынын айтып берді. Бұл туралы Мейрамбек Ләйлә Сұлтанқызының “The Эфир” жобасында айтты, деп жазады Stan.kz.
“Үйленгенімізге 14 жыл болыпты. Кеше ғана үйленген сияқты едік. Екеуміз әлі қыз бен жігіт сияқтымыз. Мен бақытты жігіттердің қатарындамын. Сүйгенімді алған адаммын”, – дейді Мейрамбек жұбайы туралы сұраққа жауап бере отырып.
Әнші бар тапқан табысын әйеліне беретінін жасырмады.
“Келіншегіңе бермесең де, тартып алады ғой. Үйге азық-түлікті де алатын сол болса, бала-шағаны да киіндіретін сол болса, ақшаны соған бересің ғой.
Ерланға (ред. Ерлан Жүнісбай – “Музарт” тобының директоры) сенетініміз, ол ақшаны бергенде мен санамаймын да. Сол қалпы Мархабатқа беремін. Көмектесетін туған-туысқаның бар, Мархабаттан ала берсеңдерші деймін, болды ғой”, – дейді Мейрамбек.
Әнші ақша мәселесіне келгенде жұбайына толықтай сенетінін жасырмады. Сол себепті ол, отбасылық мүддеге жұмсалған әр тиынның есебін сұрамайды екен.
“Арамызда ондай әңгіме жоқ. Ұят қой, жігіт басыңмен санап отырасың ба?” – дейді Мейрамбек.
Сондай-ақ, Бесбаев “Осы жаста біреуге ғашық болуың мүмкін бе?” деген сұраққа жауап берді.
“Қайдам. Қазіргі менің жасымда ғашық болып қалу мүмкін емес шығар”, – деді ол.
Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.