Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құтқарыңдар, өлтіргелі жатыр": Қазақстандық әскерге күштеп алып кетпек болғандардан қалай құтылғанын айтты

Фото: pixabay.com

Алматылық жігіт әскерге шақырту алмаса да, формасы да, куәлігі де жоқ әскерилердің өзін күштеп әкетпек болғанын айтты. Ол әскерилерден қашып құтылмақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл жағдай Алматының орталығында болған. 

“Микроавтобус тұр екен. Одан әскери формасыз, куәлігі жоқ үш адам шықты. Жанымызға келе жатып, “жігіттер, сендерді бір минутқа бола ма?” деп сұрады. Өзіме “қаш немесе өлесің” дедім. Олар келе жатқанда мен тайып тұрдым. Тұрғын үйдің ауласына кіріп, есікті жауып алдым. Құтылдым ба десем, күзетші есікті ашып беріпті. Қолымнан, киімімнен ұстап сүйрей жөнелді. Ойыма ештеңе келмеді “Құтқарыңдар, өлтіргелі жатыр” деп айқайладым”, – деп жазды ол.

Оның жанайқайын естіген тұрғындар көмекке келіп, жағдайды видеоға түсірген. Сонда ғана “әскерилердің” қолынан сытылып шыққан. Ол қыркүйекте оқуы басталатындықтан әскерге бара алмайтынын айтты. Оқуының ақысы да төленіп қойыпты. 

“Осылайша, әскерге заңсыз әкетіп қала жаздады. Әскерге шақырту да келмеген. Студенттік билетімді тамыз айында аламын”, – дейді желі қолданушысы.


Әскерге көшеден ұстап әкеткендердің адвокат пен қоңырау соғуға құқығы бар ма – Қорғаныс министрлігінің жауабы


Тараздағы әскерге шақырылушы басын көлікке соғып, әскери қызметтен жалтарып кетті (видео)


Алайда ғылым және жоғары білім министрі қорғаныс министрлігінің студенттерге қатысты бұл әрекетін заңды деп есептейді.

Саясат Нұрбектің айтуынша, жоғары оқу орындарына әскери шақыру мерзімінен кейін қабылданады. Сондықтан университетке қабылданған талапкерлерді әскерге алып кетуге негіз бар дейді.

“Мысалы, Назарбаев университетінде қабылдау туралы шешім шілде-тамыз айларында жарияланады. Сол уақытқа дейін талапкердің ресми түрде студент мәртебесі болмайды. Сондықтан Қорғаныс министрлігінің оны әскерге алуына заңды негіз бар”, — деді министр.

Сонымен қатар Саясат Нұрбектің айтуынша, ғылым және жоғары білім министрлігі әскерге шақыру мерзімін басқа министрлікпен келісе отырып, үйлестіру туралы ұсыныс енгізген.

Еске салсақ, жуырда Назарбаев университетіне түсуге ниетті абитуриент әскерге алынды. Ол дайындық бағдарламасынан өткен, жарнасын төлеген және университеттен ресми шақырту алған. Алайда әпкесінің айтуынша, оны ешқандай шақыру қағазынсыз және алдын ала ескертусіз алып кеткен.

Осыған байланысты қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру конституцияға және заңнамаларға сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Әскерден тек колледждер мен жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын студенттері ғана босатылады. Назарбаев университетінің дайындық курстарын да қоса алғанда, басқа дайындық курстары әскери қызметке босату құқығын бермейді, өйткені олар заңмен қарастырылған ресми білім беру бағдарламаларына жатпайды. Аталмыш азаматтың шақырылуы заңды негізде жүзеге асырылды", – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында әскерилер студенттерді емтихан тапсырып жатқанда кіріп келіп, алып кеткенітуралы жазған едік. 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 19 Маусым, 2025 12:00
Талқылау