Қытайларды таң қалдырған қазақ жігіті
Бүгінде жұмыс бабымен өзге елде айлап-жылдап жүретіндер жеткілікті. Таяуда тәжірибе алмасу мақсатында «Аспан асты елінде» бір жылға жуық болып келген «Оңтүстік-Цирк» әртісі Бексұлтан Сманмен тілдесіп, Қытай елінде көрген-білгендерін сұраған едік.
Бұл туралы Замана басылымы хабарлайды.
«Қытайға барып өнер көрсететінімізді білгенде кәдімгідей қобалжыған едім, – деді ол. – Жасым енді ғана 19-ға толған болатын. Бәлкім бұл бұрын-соңды ата-анамның қасынан алыс шығып көрмегендіктен де болар. Қытайда көргендеріміз біздің аузымызды аштырып, таңдай қақтырды десе де болады. Мысалы, көше сыпырушының қолынан аса қымбат «Айфон-6» қалта телефонын көргенде қатты таңырқағанымыз рас. Сөйтсек, бұл олар үшін таңсық нәрсе емес екен. Мұндай телефондарды екінің бірі қолданып жүр.
Біз бір жылға жуық Қытайдың 15 қаласында жұмыс істедік. Сиань, Сямынь, Чэнду, Тяньцзинь, Синьцзянь, Хайнань, Фучжоу, Гуанчжоу, Чанша және де басқа қалалар мен аумақтарда болдық. Соның ішінде алғаш аяқ тіреген қаламыз Сиань болды. Сиань қаласында халықаралық «Сяньянь» әуежайы Қытайды өз еліндегі барлық маңызды қалаларымен қатар, Азия елдерімен де әуе жолдары арқылы жалғайды екен. Бұл қалада мұсылман кварталдары бар болғандықтан біздің ойымыздағыдай ас-ауқат көп екен. Қалада үлкен мешіт те бар».
Бексұлтанның айтуына қарағанда, Қытайда цирк өнері ертеден дамып келе жатқан көне өнер түрі саналады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болғандықтан онда жұмыс істейтіндерге жақсы жалақы төлейді. Біздің еліміздегідей тек үлкен қалаларда ғана емес, цирк әрбір провинцияларда жұмыс істейді. Тәжірибе алмасу мақсатында онда цирк өнерпаздары әлемнің түкпір-түкпірінен келіп өнер көрсетеді екен. Онда Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Ресейден келгендермен қатар, кениялықтар, ганалықтар, танзаниялықтар, эфиопиялықтар да өнер көрсетіпті.
Жалпы, қытайлықтардың циркі өзге елдермен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктерімен айшықталады. Олардың акробатикалық өнерлері өте жоғары деңгейде дамыған. Себебі онда арқанда жүру сияқты түрлі акробатикалық қойылымдарға өнерпаздар кішкентайынан, 4-5 жасынан үйретіле бастайды. Ал циркте жергілікті қытайлықтардың жануарлармен өнер көрсетуі тым сирек. Тіпті қытайлықтар жануарлармен жұмыс жасауды енді-енді ғана іске қосып жатқан көрінеді.
«Әкем Баймен бізді бала күнімізден атқа мінгізіп үйретті. Бәлкім, атқа құмар болып өскенімнен шығар, мен аттармен тек жұмыс істеп қана қоймаймын, олардың іс-әрекетін терең сезінемін, – дейді Бексұлтан. – Олардан өзімнің не талап ететінімді де барынша жеткізуге тырысамын. Қытайлықтар біздің нөмірімізге қатты қызығады. Бұл кавказдықтар мен ортаазиялық жігіттердің, казактардың ат үстіндегі көрсететін ертеден келе жатқан өнері. Кілең аттың құлағында ойнайтын өнерлі жігіттердің атпен көрсететін түрлі трюктерімізге қытайлықтар таң-тамаша қалды.
Біздер аттарымыздың әрбір мақтауға тұрарлық әрекетін ынталандырып, оларға тәттіміз бен сәбізімізді беріп ілтипатымызды көрсетеміз. Әрине, қамшылайтын кездеріміз де болады. Бірақ бұл жануардың жанын ауыртып жасалмайды. Қазақ жылқы малын қасиет тұтып, оларды ерекше күтіп-баптағаны белгілі. Сондықтан да ол – жеті қазынаның бірі ғана емес, ер жігіттің сенімді серігі. Аттармен жұмыс істегенде өзіңе нық сенімді болуың керек. Аттың сауырынан өтіп, екі атқа екі аяқты қойып, желдей жүйіткіген жылқының үстінде тұру жігіттен жүректілікті талап етеді. Сондықтан бұған ұзақ жаттығу керек. Ат менің әрбір әрекетімнің кезегін білетіндіктен, үрікпейді. Өнерде саған серік болатын аттарыңмен досыңдай сырласып, оның нені қалайтынын терең сезінгенде ғана әрбір трюк сәтті шығады. Өз басым жылқының жанын терең түсіну үшін жылқыға қатысты әдебиеттерді, батырлар мінген арғымақтар туралы, аттың сыны туралы көп оқимын. Жылқы – өте сезімтал жануар. Қас-қабағыңнан сені тез ұғатын алғыр аттарға дән риза боламын.
Ал енді жайшылықта үнемі биязы көрінетін, иіліп, күлімсіреп жүретін қытайлардың қылығына қарап, олардың бойынан мейірімнен гөрі қатыгездікті көбірек байқадым. Оларда жан-жануарға деген аяушылық сезімді байқау қиын. Бір жолы ерте тұрып, атыммен серуендеп, жаттығуларымды қайталап жүргенмін. Бір кезде күңіренген, қиналған арыстанның даусын естідім. Не болып жатыр деп қарасам, екі қытайлық азамат тордан арыстанның артқы аяқтарын сыртқа шығарып, мықтап байлаған. Сөйтіп, қысқашпен жануардың тырнақтарын біртіндеп суырып жатыр. Олар арыстандай жүректі болсын деп арыстанның тырнағын балаларына тұмар сияқты тағып қояды екен. Аңның, жануардың құйрығын кесіп ала салу, тісін суырып алу деген нәрсе кәдімгі үйреншікті әдетке айналған. Мысалы, біздің еліміздегі цирктердің қай-қайсысында болмасын жыртқыш аңдардың тіс-тырнақтары орнында. Оны бұлай жұлып алу ешкімнің ойына да келмейді.
Оларда цирктегі азулы аңдардың тістері мен тырнақтарының барлығы осылайша суырылып алынған. Сондықтан бұл арыстандар жыртқыштық қабілетінен айырылып, мысықтан айырмашылығы болмай қалады. Кішкентай, сүйкімді қонжықтардың тісін суырып жатқанын көргенде аяныштан көзіме жас тығылды. Біз жұмыс істеген екі көшпелі циркте тісі жұлынған арыстандардың аузы құрттап өлгенін көзім көрді».
Міне, Қытайда жұмыс істеп, жақсы мен жаманды салыстырып, өз көрген-білгенінен ой түйген Бексұлтан осылай дейді.
Жіберіп алмаңыз:
АҚШ-та жүрген қазақ жігіті отандастарына шетелге кетуге кеңес берді
Жапон жігіті қазақ домбырасын насихаттап жүр
Түрік жігітіне күйеуге шыққан қазақ қызы бақытты екенін айтты