Мексика президентін іс шара кезінде ер адам құшақтап, сүймек болды (видео)

Фото: Видеодан скрин
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум тұрғындармен сөйлесіп тұрған сәтте оны белгісіз ер адам құшақтап, сүймек болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РБК басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға президент сарайының маңында өткен қоғамдық шараға президент бара жатқан кезде болған. Ер адам мемлекет басшысын иығынан құшақтап, кейін оны сүймек болып жақындай түседі. Тіпті кеудесіне қол тигізуге тырысқан. Сол сәтте оны күзет қызметкерлері бірден шетке алып кетті.
Кейін Клаудия Шейнбаум болған жағдайды бірден түсінбегенін, жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын тек бейнежазбаны көрген соң ғана ұққанын айтты. Оның сөзінше, ер адамды полиция ұстаған, ол сол сәтте мас күйде болған.
Еске салайық, бұған дейін Мексиканың Уруапан қаласының мэрі Карлос Мансо қарулы шабуыл салдарынан қаза тапқан еді. Белгісіз адамдар мереке кезінде оның кортежіне оқ атқан. Саясаткер ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттарынан көз жұмды. Билік өкілдерінің хабарлауынша, шабуыл жасағандардың бірі оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі ұсталған. Мансо есірткі картельдеріне қарсы белсенді ұстанымымен танылған және бірнеше рет федералды биліктен қорғау сұраған.
БАҚ мәліметінше, мэр Мексика президентінің ұйымдасқан қылмыспен күрес саясатын ашық түрде сынаған.