"Үш жылдан бері қоныстана алмай жүрміз": Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің құрылысы аяқталмай қалған
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алғандар үш жылдан бері жаңа қонысына кіре алмай жүр. Құрылыс компаниясы үйдің сыртын бүтіндегенімен, ішкі жұмыстарын бітірмеген. Ал әкімдік өкілдері құрылысты толық аяқтауға қаржының жетпей қалуы себеп екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Сюжеттен скриншот
Ақтөбедегі елу пәтерлі небәрі үш қабаттты үй "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған. Құрылысы 2019 жылы бітуі тиіс болған. Бірақ осы үйден пәтер алған тұрғындар үш жылдан бері баспанасына кіре алмай сандалып жүр.
Қазір үйлерде қарауылдап отырған күзетшіден басқа ешкім жоқ. Құрылысшылар да үш жыл бойы төбе көрсетпеген. "Нұрлы жер" бағдарламасының игілігін көреміз деген тұрғындар ара-тұра үй сыртынан келіп қарап кетеді. Баспанасының табалдырыған аттап, жаңа қонысына кіретін күнді күтуден шаршаған.
“Үш жыл болды осы үйді күткенімізге. Жылда мерекеде береміз дейді. Әкімдер мүлдем жұмыс істемейді. Халық далада жүр, жетім балалар құсап шұбырып. Халықтың жағдайын кім ойлайды?” – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Шаңдыбай Сәдуов.
“Сұрағымыз: осы үйді қашан қолданысқа береді? Қаншама тұрғын бала-шағамызбен жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз”, – деп қосты Жанат Төреахметова.
Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің құрылысын қадағалауға жергілікті әкімдік жауапты. Бірақ ондағылардың өзі нақты қашан қолданысқа берілетінін білмейді. Мердігер компания құрылыс материалы қымбаттап кеткенін айтып, жұмысты аяқтамай қойған.
“Бәрі қаржыға келіп тіреледі. Қазір жобалаушы компанияларды тартып, сараптама жүргізіп, құрылыс жұмысын тексеріп жатырмыз. Қанша ақша жетпей тұрғанын анықтаймыз. Дегенмен тұрғын үйдегі құрылыстың 95 пайызы дайын”, – деп мәлімдеді Ақтөбе қаласы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Жантөрин.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған бұл үйдің енді ішіндегі есік-терезесін бүтіндеп, су құбырларын реттеу керек. Бюджеттен осы күнге дейін жарты миллиардтан астам ақша бөлінген. Енді тағы қанша қаржы керегі белгісіз. Сондықтан тұрғындардың шыдаудан басқа амалы жоқ.