Құранның көшірмесін өртеп жіберді: Швециядағы акция әлем мұсылмандарының шамына тиді
Швецияның астанасы Стокгольмдегі Түркия елшілігінің алдында "Қатаң бағыт" партиясының жетекшісі Расмус Полудан акция өткізіп, көпшілік алдында Құранның көшірмесін өртеп жіберді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Акцияға Швеция билігі рұқсат берген, ал Полуданның қауіпсіздігін жергілікті полиция қызметкерлері қамтамасыз етті.
Акцияда саясаткер НАТО, Ангора және түрік президенті Режеп Тайып Ердоғанды сынға алып, Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсетті.
Бұл жағдай әлем мұсылмандарының шамына тиіп, ашуын тудырды.
Кувейттің Сыртқы істер министрі Салем Абдалла әл-Джабер Ас-Сабах Стокгольмдегі жағдайды айыптап, бұл оқиға "бүкіл әлемдегі мұсылмандардың реніш сезімін тудыруы және олар үшін қауіпті арандатушылық болуы мүмкін"деп қорқатынын айтты.
"[Кувейт СІМ басшысы] халықаралық қауымдастықты осындай қолайсыз әрекеттерді тоқтату, жеккөрушілік пен экстремизмнің барлық түрлерін қабылдамау, кінәлілерді жауапқа тарту, саясат пен дінді байланыстырмау, диалог, халықтар арасындағы толеранттылық және бейбіт құндылықтарды тарату бойынша өз міндеттемелерін орындауға шақырды",- делінген министрліктің хабарламасында.
Салем Абдулла әл-Джабер Ас-Сабах Стокгольмнен кез келген дінді қорламауды талап етті.
Сондай-ақ, осы оқиғадан кейін Анкара Швециямемлекеті Қорғаныс министрлігі жетекшісінің сапарын тоқтатып, кездесудің "мәні жоқ" екенін айтты.