Қылмыстық жауапкершілік арқалауыңыз мүмкін: Желідегі "Құпия Санта" трендіне қатысты қазақстандықтарға ескерту жасалды
Фото: Stan.kz/ChatGpt арқылы жасалды
Әлеуметтік желіде қазақстандықтар “Құпия Санта” ойынын қызу ойнап, банк деректерін жариялап, бір-біріне ақша жіберіп жатыр. Осы орайда Stan.kz мамандардан жеке деректерді жариялау қаншалықты қауіпті екенін сұрап білді.
Threads желісінде екі күннен бері қазақстандықтар “Құпия Сантаны” қызу ойнап жатыр. Олардың бірі аты-жөні мен нөмірін жазып қалдырса, енді бірі 16 саннан тұратын банк картасының нөмірін жазып жатыр.
“Құпия Сантаға” сенемін. Келіңіздер, ойын ойнайық! Карта нөмірім мен нөмірімді осында қалдырамын. Ғажайыптарға сенемін, өйткені кішкентай тосын сыйлар өмірді әдемі ете түседі. Жылулық сыйлайтын қандай да бір шағын сыйлық алғым келеді”, – деп жазды бірі.
Скрин: Threads
Ал енді бірі арнайы “Құпия Санта” үшін 1 миллион теңге бөлгенін жеткізді. Осылайша ол ақшаны тарату үшін желі қолданушыларынан банк картасының нөмірін жазуды сұрады.
“Құпия Санта” ойынына бір миллион бөлуді ұйғардым. Алғаш рет жасап отырған ауқымды қайырымдылық әрекетім. Бұл ақша маған жеңіл келді, сондықтан дәл солай өзгелерге де жеңіл таратып бергім келеді. Жаңа жыл ғажайыпқа толы болсын. Ал маған ақша жібергісі келетіндер болса, карта нөмірімді бөлек жазамын. Жасырмаймын, бөлінген миллионым ақталса, керісінше қуанамын”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Скрин: Threads
Тағы бір желі қолданушысы 3-4 адам “Құпия Санта” ретінде қомақты ақша аударғанын айтқан. Оның желіде жариялаған фотосынан банкке аударылған “2 миллион теңге, 700 мың теңге және 100 мың теңгені” көруге болады.
“Бүгін күн ерекше басталды. Біреу өмір ғажайыптардан тұратынын ескерткісі келген секілді. Айтарым, “Құпия Санта” шынымен бар екен. Лүпіл басып, пікір қалдырғандардың арасынан бір адамды таңдап, ақша жіберемін”, – деп жазды желі қолданушысы.
Скрин: Threads
Кейбірі “Құпия Сантасынан” 10 миллион теңге алғанын айтты.
“Жігітіме “бәріне “Құпия Санта” сыйлық беріп жатыр” деп айтқан едім. Ол ашуланып, бірден 10 миллион теңге жіберді. Мұндай адам менен басқа ешкімде жоқ. Ол 10 миллион адамның ішінде біреу ғана”, – деп жазды бірі.
Скрин: Threads
Ал енді бірі 1 жарым миллион теңгенің түбіртегін көрсетті.
“Құпия Санта” сенің кім екеніңді білетін секілдімін немесе білмеймін. Кәдімгідей таңғалып отырмын. Ғажайып жалғасын тапсын десек, мұнда пікір қалдырыңыздар. Арасынан бір адамды таңдап, ақша жіберемін”, – дейді бірі.
Скрин: Threads
Десе де желі қолданушыларының кейбірі “Құпия Сантадан” мүлде ештеңе алмағанын айтса, енді бірі бұлай ақша жинауды қайыршылыққа балады.
“Құпия Сантадан” лүпілден басқа ештеңе алмадым”, – деп жазды бірі.
Скрин: Threads
“Қыздар “Құпия Санта” деп карта нөмірін жазу ұят негізі. Қайыршылықтың жасырын бейнесі ғой”.
Желі қолданушыларының бірі мұны алаяқтық схемасына балады.
“Құпия Санта” деп Threads-қа жеке мәліметтерін салып жатқан адамдар өте қауіпті іс жасап жатыр. Мұның соңы түрмеге ұласып кетуі мүмкін. Алаяқтар сіздің картаңызға алданған адамның ақшасын салып, алданған адам сотқа арызданса жауапты сіз боласыз. Бұл алаяқтық схемасы. Оның үстіне, қазір өз жеке мәліметтерін таратқан адам заң жүзінде жазаланады”, – деп жазды ол.

Скрин: Threads
“Мені комментаторлардың логикасы таңғалдырады. Олар өзіне лүпіл басқандарға "Құпия Санта" болып, ақша жібереді екен. Егер олар жеке хабарламаға жазып, “картамңыздың нөмірін жіберіңіз” десе, онда бұл "Құпия Санта" болмай қала ма? Неге жеке деректерді ашық түрде жіберу керек”.
Скрин: Threads
“Меніңше, бәрің дропперлік схемаға байқамай түсіп кеттіңдер немесе жай ғана көңіл көтеріп жатқан шығарсыңдар. Мүмкін, шынымен де бір мейірімді "Құпия Санта" қайырымдылықпен айналысып жатыр”.
Жеке деректің таралуына қатысты заңгер не дейді?
Аталған жағдайға қатысты заңгер Нұрсұлтан Орынбек пікір білдірді. Заңгердің айтуынша, көбі жеке мәліметтерін желіге жариялап, алаяқтардың жеңіл әрекет етуіне жол ашып жатыр.
“Құпия Санта” ұжымда өзара ұйымдастырылатын қарапайым, қауіпсіз ойын. Ал енді оның әлеуметтік желіде ойналуын кең ауқымда тарқатсақ. Біріншіден, жеке деректердің қауіпсіздігі. Елімізде онсыз да деректер базасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Қазір көбі алаяқтардың құрбаны болуда. Оған қарамастан “Құпия Санта” арқылы көбі жеке мәліметтерін желіге ашық жариялап, интернет-алаяқтарына жол ашып беріп жатыр. Жеке дерек тараған соң алаяқтар түрлі схемаларға көшеді. Бірнеше уақыт өткен соң сеніміңізге кіріп, ақшаңызды алады. Одан сорақысы сізді дроппер ретінде пайдаланып, өзіңізді несиеге батырады”, – дейді заңгер.
Заңгердің айтуынша, егер алаяқтардың ақшасы сіздің есепшотыңызға түскен болса, сіз қылмыскердің сыбайласы ретінде танылуыңыз мүмкін.
“Сосын, алаяқтар шотыңызды пайдаланып, оған ақша түсіреді. Ары қарай олар Азаматтық кодекстің 953-бабы (Негізсіз баю) талаптары бойынша уақытша жіберген ақшасын екі есе моральдық, тұрақсыздық айыбымен бірге өндіріп алуы мүмкін. Одан бөлек Қылмыстық кодекстің 232-1-бабын ескерсек. Ол бойынша алаяқтардың ақшасы сізге түсіп, олар байқамай жіберіп қойдық деп, ақшаны жылыстатып ортада өзіңіз делдал, қылмыскердің сыбайласы болып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан бұл ойынды таныс, ұжым арасында ойнаса ешқандай айып жоқ. Ал әлеуметтік желіде, көпшілік орында жеке деректерді жариялап, ақша алып, кейін істі болғыңыз келмесе тәуекелге бармаңыз. Шотқа түскен ақшаны үш жыл ішінде ( Азаматтық істер бойынша талап-арыз беру 3 жылға дейін) талап ететін болса, егер сіз ол қаржыны ешқандай келісімшартсыз, негізсіз алып жұмсаған болсаңыз, негізсіз баю саналады”, – деді заңгер.
Мемлекеттік кірістер комитеті не дейді?
Ведомство мәліметтері бойынша, егер қазақстандықтар басқалардан тым көп аударымдар алса, банк олардың деректерін Мемлекеттік кірістер комитетіне беруі мүмкін. Мемлекеттік кірістер комитеті қандай жағдайда тұлғаның есепшоты тексереді. Олардың мәліметінше, егер адам үш ай ішінде 100-ден астам тұлғадан жалпы сомасы 1 020 000 теңге ақша аударымдарын алса, тексерілуі мүмкін.
“Осы критерийлерге сәйкес келетін жеке тұлғалар туралы мәліметтерді банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдайды. Егер бір адам кәсіпкерлікке арналмаған жеке картасына 3 ай қатарынан 100 немесе одан да көпадамнан жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан ( 1 020 000 теңге) асатын ақша қабылдаса, онда ол адамның аударымдары кәсіпкерлік табыс ретінде қаралуы мүмкін”, – делінген хабарламада.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады