Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құнын 6 миллиард долларға көтеруді ұсынған": Қазақстан Қарашығанақта газ өңдеу зауытын шетелдік инвесторлардың көмегінсіз салмақ

Фото: freepik.com

Eni және Shell басқаратын халықаралық консорциум Қазақстанға Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытын салу құнын бастапқы 3,5 миллиард доллардан 6 миллиард долларға дейін ұлғайтуды ұсынды. Сондай-ақ жобаның тиімділігін қамтамасыз ету үшін қазақстандық тараптан 1 миллиард доллар шығындарды жабуды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған жауап ретінде Қазақстан жобаны "ҚазМұнайГаз" ("Самұрық-Қазынаның" еншілес ұйымы ҚМГ) компаниясына беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Мәліметке сәйкес, қазақстандық тарап Газ өңдеу зауыты жобасының құнының өсуіне де, оның аяқталу мерзімінің бастапқы 2028 жылдан 2030 жылға шегерілуіне де келіспей отыр. Бұған дейін Energy Monitor қоры Қарашығанақтың акционерлері қуаттылығы жылына 4 миллиард текше метр болатын Газ өңдеу зауытына инвестиция салуға ниетті емес екенін хабарлаған еді.

"Өкінішке қарай, ббірқатар акционерлер республиканың тауарлық газ қуатын арттыру жөніндегі өтінішін қанағаттандыруға дайын емес. Инвесторлар Қазақстанға газ өңдең зауыты құнының айырмашылығын жабуды ұсынып отыр. Ол шамамен 1 миллиард доллар (460 миллиард теңге), өйткені бұл олар үшін тиімді емес: Engineering Procurement Construction мердігерінің бағасы 3,7 миллиард доллар (1 триллион 702 миллиард теңге). Ал үлескерлер бар болғаны 2,7 миллиард доллар (1 триллион 242 миллиард теңге) бөлуге дайын. Сонымен қатар инвесторлар қазіргі арбитраждық дауларды реттеуді ұсынып отыр", – делінген хабарламада.



Сондай-ақ жарияланған ақпаратта Қазақстан тарапы акционерлер ұсынған шарттарды қабылдамай Газ өңдеу зауыты құрылысын өз күшімен ("ҚазМұнайГаз" және/немесе серіктес инвесторлар арқылы) жүзеге асыруға дайын екенін хабарлаған. Сонымен бірге Газ өңдеу зауыты құрылысын жеделдету мақсатында ЕРС (Engineering Procurement Construction) бас мердігер ретінде Hyundai Engineering компаниясы қала береді. Бірақ құрылыс бөлігінің құнын төмендету үшін құрылыс мердігері ауыстырылады.

Hyundai Engineering қазір құрылысқа дайындалу және мемлекеттік сараптамадан өтуге қажетті рұқсаттарды алу мақсатында қосалқы мердігерлермен келісімшарттарды аяқтау үдерісінде. Үкімет Қарашығанақтағы Газ өңдеу зауыты құрылысы бойынша түпкілікті инвестициялық шешім маусым айының соңына дейін қабылдануы тиіс екенін мәлімдеді. Алайда шетелдік акционерлер мен Қазақстан тарапы әлі күнге дейін жобаның кейбір мәселелері бойынша мәмілеге келе алмай отыр. Шетелдік инвесторлар бұл жобаны Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) шеңберінде іске асыру жобаның ішкі кірістілік нормасын (IRR) төмендетуі мүмкін деп қауіптенеді. Бұл көрсеткіш келісіммен белгіленген деңгейден төмен түсуі мүмкін, дейді олар.

Өз кезегінде, Қазақстан Газ өңдеу зауыты құрылысының құнын одан әрі төмендетуді талап етіп отыр. Қолданыстағы акционерлер тарапынан инвестициялық шешім қабылданбаған жағдайда, жобаны іске асыру үшін балама серіктеспен алдын ала консультациялар жүргізілгенін растады.

Қарашығанақтағы мұнай қоры – 1,2 миллиард тонна, ал газ қоры – 1,35 триллион текше метр.

1997 жылы қол қойылған және 40 жылға есептелген өнімді бөлу туралы келісімге сәйкес, Қарашығанақты халықаралық Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг консорциумы игеріп жатыр. Оның құрамына:

  • Shell – 29,25%,
  • Eni – 29,25%,
  • Chevron – 18%,
  • Лукойл – 13,5%
  • ҚазМұнайГаз – 10% үлеспен кіреді.

Айта кетейік, бұған дейін Қарашығанақ пен Қашағанда екі газ өңдеу зауыты салынатыны айтылған еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 30 Мамыр, 2025 12:21
Талқылау