Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құны бірнеше миллион еуро": Италияда мұражайдан танымал суретшілердің картиналарын ұрлап кетті

Фото: Getty Images/Magnani Rocca Foundation

Италияның Парма қаласына жақын орналасқан Маньяни-Рокка қорынан жалпы құны бірнеше миллион еуроға бағаланатын Ренуар, Сезанн және Матисс картиналары ұрланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жергілікті полицияның мәліметінше, жеке мұражайға жасалған бұл ұрлық өткен аптада, 22-нен 23 наурызға қараған түні болған.

Ұрланған туындылар қатарында Пьер Огюст Ренуардың "Балықтар", Поль Сезаннның "Шиелер салынған натюрморт" және Анри Матисстің "Террасадағы одалиска" атты еңбектері бар.

Полицияның хабарлауынша, қылмысты төрт адам жасаған. Бетперде киген күдіктілер кіреберіс есікті бұзып, бірінші қабаттағы залдардың біріне кіріп, мұражай бақшасы арқылы қашып кеткен.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, бүкіл операция үш минутқа жетпейтін уақыт ішінде жүзеге асқан және мұқият жоспарланған. Итальяндық БАҚ мәліметінше, дабыл жүйесі іске қосылған соң ұрылар асығыс кеткен болуы мүмкін. Олар ұрламақ болған төртінші картинаны мұражай ішінде қалдырып кеткен.



Қазіргі уақытта полиция мұражай мен оған жақын нысандардағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп жатыр. Парма қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Маньяни-Рокка қоры өнертанушы Луиджи Маньянидің коллекциясын сақтайды. Онда Дюрер, Рубенс, Ван Дейк, Гойя және Моне сынды шеберлердің де еңбектері бар. Қор 1977 жылы құрылған.

Еске салайық, бұған дейін Парижде Лувр мұражайынан бағалы зергерлік бұйымдар ұрланғанын жазған едік. Франция президенті Эмманюэль Макрон бұл оқиғаға байланысты пікір білдіріп, ұрланған жәдігерлердің міндетті түрде қайтарылып, кінәлілердің жауапқа тартылатынын айтты. Ал осыдан бұрын Павел Дуров Луврдан ұрланған зергерлік бұйымдарды сатып алуға дайын екенін мәлімдеген еді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 30 Наурыз, 2026 10:51