"3 миллионға дейін барады": Отандық шоу-бизнес жұлдыздары шағын тойларға қанша гонорар сұрайды
Кейінгі кезде баланың тұсауын әншіге немесе оқырманы көп желі жұлдызына кестіру сәнге айналды. Баласының өнерлі, аузы дуалы болғанын қалайтын ата-ана өнер өкілдерін арнайы тойларына шақырып жатады. Жалпы тұсау кесу, қыз ұзату, келін түсіру дәстүрі той бизнестің ажырамас бөлігіне айналды. Осы орайда Stan.kz тілшісі отандық той-бизнестің танымал өкілдеріне хабарласып, шағын тойлардағы гонорарын сұрап көрді.
Фото: Stan.kz
Балалардың тұсауын кесу бойынша көш бастап тұрған әншінің бірі – Қарақат Әбілдина. Қайбір жылы өнер иесі бір мезетте жүздеген баланың тұсауын қатар кесіп, әрқайсысынан 70-100 мың теңге аралығында гонорар алғанын оқыдық. Сол бүлдіршіндерді кейін "Қарақат тұсауын кескен құлыншақтар" деп халыққа көрсетіп те жүрді.
“Ол кісі басқа қалаларға жалғыз өзі жүрмейді, қасында жолдасы Қыдырәлі аға болады. Қарақат тойға баланы алып шығып, тұсауын кеседі. Барлық рәсімге қатысады. Төрт-бес ән айтады. Сол үшін 6000 доллар теңгемен 3 миллион төлейсіз”, – деді әншінің админі.
“Тұсау кескені үшін ақы алатын әншілер бар”
Жалғыз жүрмейтін өнерлі жұптың бірі – Тоқтар мен Бейбіт. Продюсерінің сөзінше, Алматы мен басқа өңірлердегі гонорар бағасы әртүрлі көрінеді.
“Алматы қаласында өтетін тұсаукесер, құдалық деген тойларға 1 миллон 500 мың теңгеге барады. Бейбіт жеңгеміз жалғыз өзі басқа қалаларға шықпайды. Тоқтар аға міндетті түрде еріп барады. Ол кезде баға – 2 миллион 500 мың теңге болады. Жеңгеміз қыз ұзатып, келін кіргізіп береді. Екі рет сахнаға шығып, 5-6 ән айтады. Тоқтар аға осы күнге дейін талай баланың тұсауын кесіп жүр. Қаламақысынан бөлек тұсау кескені үшін ақы алмайды. Кейбір адамдардың алатынын естідік. Бұл бағаға жатын-орын, қонақүй, әуе билеті кірмейді”, – деді жұлдызды жұптың арт директоры.
Дәстүрлі әндердің орындаушысы, жыршы-термеші Өмірқұл Айниязов та шағын бас қосуларда “көп” сұрамайтынын алға тартты. Өнер иесінің менеджерінен құдалық тойға бару құнын сұрадық.
“Алматы қаласында 300 мың теңге. 2-3 әнін айтады. Алдымен ең танымал хит әндерін орындайды. Өзі де Алматыда тұратындықтан, көп төлемейсіздер. Басқа қалаларға бағасы – 1 миллион 300 мың теңге. Үйлену той, ұзату секілді үлкен тойларға да бара береді. Бекітілген бір баға. 2-3 рет шығып, той біткенше қонақтарға ән салады. Жол шығынды той иелері өздері көтереді”, – дейді әншінің менеджері.
“Бизнес немесе эконом класс деген талап жоқ”
90 жылдары ”Ақсәулем”, “Жұмбақ қыз”, “Бейтаныс ару” сынды хит әндердің орындаушысы, сазгер Өктем Алтаевтың да қаламақысын сұрадық.
“Біз басқа әншілер сияқты миллион теңге сұрамаймыз. Ағаларыңды халық жақсы көреді. 30-40 жыл бұрынғы хит әндерін әлі орындап жүр. Той үшін жаңа әндер жазып, дайындалады. Бірақ баяғы әндерін орындап келеді. Халық көп сұрайды. Алматы қаласындағы мерейтойларға 300 мың теңге төлесеңіз жетіп жатыр. Басқа қалаларға – 800 мың теңге. Билетті өзіміз аламыз. Тек сол қаладан қонақүй брондап қойсаңыз жетіп жатыр”, – деді әншінің жары әрі директоры Бағила ханым.
Қазақстандық той-бизнестің жұлдызды жұбы Жазира мен Жанболаттың тұсау кесу құны – 2 миллион теңге. Ішіне жол құны мен қонақ үй бағасы кіреді. Тұсаукесер тойында Жазира ханым "Тәй-тәй" әнімен баланы алып кіреді. Одан бөлек, Жанболат екеуі төрт-бес ән орындайды. Басқа өңірлерге 3 миллион теңге алады. Әншінің репертуарында тойға арналған хит әндер көп”, – деді арт-директоры.
Соңғы кезде танымал шетел жұлдыздарымен дуэт орындап, миллион қаралым жинап жүрген Абай Бегей де гонорарын көтерген.
Егер Алматы қаласында тұрып әншіні тойға шақыратын болсаңыз, 500 мың теңгені қолма-қол санап беруге дайын болыңыз. Басқа өңірлерге 1 миллион 500 мың теңге сұрайды екен.
“Алты ән орындайды. Көмекшісі екеуіне билетті бөлек аласыздар. Бизнес немесе эконом деген талап жоқ. Қонақ үйден бір нөмер дайын болуы керек”, – деді әншінің көмекшісі.
Қазақтың сүндет той мен тұсаукесерінде жиі шақырылатын әншілердің бірі – Айдар Тұрғамбек. Өнер иесі бүгінде Шымкент қаласында тұрады екен.
“Байқасаңыз, Айдардың репетуарында “Сүндет той” әні – хит. Одан кейін ата-анаға арналған да керемет әндері бар. Барлығы тойда орындалады. Өзі Шымкент қаласында тұрады. Алматыға тойға шақырсаңыз – 1 миллион 500 мың теңге. Басқа өңірлерге – 1 миллион теңге. Қонақ үй, жол ақысын өзіңіз төлейсіз. Алматыға шақырсаңыз тек гонорарын төлейсіз. Алты ән орындайды. 2-3 рет шығып, тойыңыздың көркін қыздырады”, – деді әншінің админі.