Құны 7,9 млрд теңгеден асатын Сатыбалдыұлының 9 қабаттық ғимараты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне берілді
Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі аяқталған қылмыстық істер шеңберінде шамамен 195 миллиард теңге өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: hi-news
“Соңғы 2,5 жылда, оның ішінде олигополиялар тарапынан Қазақстан халқына 1,09 трлн теңге қайтарылды. Бұған дейін агенттік залалды өтеу ретінде Қайрат Сатыбалдыұлы қайтарған жылжымайтын мүлік объектілерінің мемлекетке қайтарылғаны туралы мәлімдеген еді. Олардың ішінде Алматыдағы құны 7,9 млрд теңгеден асатын "Kaisar Tower" бизнес-орталығы бар. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қарамағына берілген. Сонымен қатар Т. Жүргенов атындағы "Қазақ ұлттық өнер академиясы" РММ теңгеріміне құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат берілді”, – делінген хабарламада.
Елордада құны 5 млрд теңгеден асатын үш зәулім сарай мүгедек балаларға арналған Астана қаласы әкімдігінің "Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті" КММ-не берілді. Бұл білім беру жағдайларын едәуір жақсартуға және шығармашылық бастамалардың дамуын қолдауға мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқаратындықтан Австрия, Франция, Лихтенштейн, Әмірліктер, Түркия, Ресей және басқа елдерден Қазақстанға ақша, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зергерлік бұйымдар түріндегі активтер қайтарылды.
“Мысалы, Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Түркиядан 2,2 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге және басқа елдерден қайтарылды”, – деп мәлімдеді ведомство.
Бұдан басқа, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін сотталған Индустрия және инфрақұрылымдық даму экс-вице-министрі Т. Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекет пайдасына Қостанай облысындағы құны 5,6 трлн теңгеден асатын никель мен кобальттың ірі қорлары бар бірегей "Шевченковское" кен орны берілді. Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда.
Бұған дейін Қазақстанға 375 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылған еді.