Құлсарыда бір топ жігіт 17 жастағы жасөспірімді басқа адаммен шатастырып пышақтап кеткен деген күдікке ілінді
Атырау облысы Құлсары қаласында көз жұмған 17 жастағы Эльдар Аманбектің анасының тергеуге көңілі толмайды. Тұңғыш ұлынан айырылған әйел күдіктілердің барлығы қамалғанын қалайды. Айтуынша, 12 адам баласын басқа жігітпен шатастырып, пышақтап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Қайғылы оқиға былтыр қаңтарда болған. 11-сыныптың оқушысы мектепті бітіріп, Алматыдағы жоғары оқу орнына түсемін деп дайындалып жүрген екен. Алайда бозбала бейбіт күнде қыршыннан кетті. Досының туған күніне кетіп, сол күні мерт болды.
“Эльдар әзілдесіп, шай ішкен кезде бізді күлдіртіп отыратын еді. Баламның жоқтығы кәдімгідей білінеді. Сол күні балам күліп, айнаның алдында билеп, киімін ауыстырып тұрған. Сол кезде бетімнен сүйіп кетті. Шығып бара жатқанда, баламнан “нешеде келесің” деп сұрадым. “Мама туған күн қалай бітеді, солай келемін” деп айтты”, – деді марқұмның анасы Алтынай Шалтаева.
Бейнебақылау камерасына жазылған оқиға былтыр қаңтарда Құлсары қаласында болған. Өз жолымен жүріп бара жатқан көлікті бір топ адам тоқтатып, ішіндегі жігіттерді тепкінің астына алған көрінеді. Сөйтсе күдіктілер баланы басқа адаммен шатастырып, өлтіріп кетті дейді.
“Ішінде отырған бес баланы ұрып-соғып, пышақтайды. Менің ұлымның аяғын пышақтап, күретамырын кесіп жіберген. Ұлым көп қан жоғалтқандықтан, сол жерде қаза болады. Енді бұл балалар оларды басқалармен шатастырып алдық дейді. Осы оқиғаға қатыстының бәрі өзінің іс- әрекетіне қарай жазасын алса екен деп сұраймын”, – деді ана.
Полиция бірнеше бап бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.
“Күдіктілерге қатысты “Адам өліміне әкеліп соққан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян әкелу”, “Бұзақылық” баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Сот органымен 5 күдікті бұлтартпау шарасымен қамауға алынса, 7 күдікті үй қамаққа алынды. Қылмыстық іске қатысты кешенді тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сот сараптамалары өткізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Атырау облысы полиция департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі Темірхан Хажмұратов.
Қайғыдан қан жұтқан жанұя іс бұрмаланып, жылы жабылып кете ме деп алаңдайды. Олар тергеу әділ жүргізіліп, кінәлі адамдар жауапқа тартылғанын қалайды.
Еске салсақ, Алматыда жол бойында әлдекімдер 20 жастағы жігітті пышақтап кеткені туралы хабарлаған едік.