Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құлсарыда биліктен жұмыс талап еткен тұрғындар ереуілге шықты (видео)

Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғындары өңірдегі жұмыссыздық мәселесін көтеріп, ереуілге шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скрин

Жиналғандар бұл басқосудың митинг емес екенін атап өтті. Олар Теңізшевройл және ҚазМұнайГаз сияқты ірі компаниялардың өздерін вахталық жұмысқа алуын талап етті. 

“Біз жұмыссыздық мәселесі бойынша жиналдық, себебі қазір жұмысқа орналасу жағдайы күрт нашарлады. Еңбекке жарамды адамдар жәрдемақымен күн көріп отыр, бірақ алты айдан кейін ол да тоқтайды. Не істеу керек? Біз 14/14 кестесімен жұмыс істейтін жергілікті компаниялардың адамдарды жұмысқа алуын талап етеміз. Бізді қысқартып жатыр, ал біз жай ғана даусымыздың естілгенін қалаймыз. Бұл митинг емес, ешқандай арандатушылық жоқ. Біз жұмыссыз адамдардың шынымен бар екенін көрсеткіміз келеді”, — дейді жиынға қатысушылардың бірі.



Наразы тұрғындармен жергілікті билік өкілдері кездесті. Облыс әкімдігінің мәліметінше, азаматтарға жұмысқа орналасудың бірнеше нұсқасы ұсынылған.

“Жылыой ауданының карьералық орталығы арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, жұмыссыздарға вакансияларды табуға, сондай-ақ оқыту және біліктілікті арттыру курстарын өтуге көмек көрсетілетіні туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары туралы да түсіндірілді, оған гранттар беру, "Бизнес Бастау" және "Online Skills" бағдарламалары бойынша оқыту, сондай-ақ тоқсан сайын өткізілетін жұмыс жәрмеңкелері туралы мәліметтер берілді”, — делінген әкімдік хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысында биліктен жұмыс талап еткен бір топ ер адам ереуілге шыққаны туралы жазған едік. 

Талқылау