Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құлыбаев қоры корпоративтік жауапкершілік бойынша үздік атанды

 

Тимур Құлыбаевтың "Halyk" қайырымдылық қоры Қазақстанда 1 400‑ден аса отбасының баспана жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды әлеуметтік жобаны жүзеге асырғаны үшін Corporate Social Responsibility (корпоратив әлеуметтік жауапкершілік) номинациясы бойынша EUROBAK Award 2025 беделді халықаралық сыйлығына ие болды.

Қазақстандағы Еуропа бизнес‑ассоциациясы (EUROBAK) тағайындаған EUROBAK Award сыйлығы жыл сайын тұрақты даму, ESG қағидалары және корпоратив әлеуметтік жауапкершілік салаларында тиімді бастамалар жүзеге асырған компаниялар мен ұйымдарды ерекше құрметпен атап өтеді.

2024 жылы қор баспана мәселесін шешуге және табиғи апаттан зардап шеккен үй-жайларды қалпына келтіруге бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асырды. Жоба екі негізгі бағытты қамтыды:

  1. Астанада салынған Compass North тұрғын үй кешені 6,9 млрд теңге қаржыға бой көтерді. Кешенде толық әрленген, инженерлік жүйелермен қамтылған әрі аумағы абаттандырылған комфорт дәрежелі 406 пәтер бар. Бұл – қала инфрақұрылымына ыңғайлы, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жаңа форматтағы әлеуметтік тұрғын үйдің балама үлгісі.
  2. Зардап шекккен аймақтардағы тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 31,2 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен Атырау облысында су тасқынынан бұзылған немесе апатты деп танылған жүздеген үйге қатысты 1 000-нан аса отбасыға тұрғын үй қалпына келтіріліп, күрделі жөндеу жүргізіліп немесе жаңа үй салынды. Қаржылай көмек жергілікті атқарушы органдар ұсынған және тексерілген тізім негізінде зардап шеккен азаматтарға тікелей төленді.

 

Жоба тұрғын-жай мәселесін шешудегі жеке бастаманың теңдессіз үлгісіне айналды. Бар-жоғы бір жылдың ішінде 1 400-ден аса тұрғын үй салынып, қаржы бөлінді. Нәтижесінде Қазақстанның 10 000-нан аса азаматының тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсарды. Жоба жеке инвестиция ауқымды әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге көмектесетінін дәлелдеді.

Қордың халықаралық дәрежеде мойындалуы

Бұл марапат – қордың әлеуметтік өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге, азаматтардың өмір сүру сапасын, әсіресе әлеуметтік осал топтардың жағдайын жақсартуға бағытталған тұрақты жұмысының халықаралық деңгейдегі бағасы.

Halyk қайырымдылық қорының директоры Сағынбек Шүнкеев:

"Біз үшін бұл марапат – әлеуметтік жауапкершілік пен жүйелі тәсіл оң өзгерістердің қозғаушы күші бола алатынының маңызды дәлелі. Біз мыңдаған қазақстандықтың өмірін жақсарту үшін бір рет емес, кешенді түрде көмек қолын созғымыз келеді"

EUROBAK - бизнес пен қоғам арасындағы диалог алаңы

Еуропа бизнес‑ассосациясы Қазақстанда (EUROBAK) – 1999 жылы Қазақстандағы Еуропа Одағы Делегациясының қолдауымен құрылған коммерциялық емес ұйым. Ассоциацияға халықаралық корпорациялардан бастап қазақстандық ірі кәсіпорындар, дипломатиялық өкілдер, заң және консалтинг фирмалары секілді 160‑тан аса мүше компания кіреді.

EUROBAK-тың қызметі іскерлік ортаны дамытуға, кәсіп пен мемлекет арасындағы серіктестікті нығайтуға және ESG (қоршаған орта, әлеумет пен басқару) қағидалары мен корпоратив әлеуметтік жауапкершілік принциптерін насихаттауға бағытталған.

Ынтымақтастықтың жаңа дәуірі

2025 жылы Halyk қайырымдылық қоры EUROBAK мүшесі болып, тұрақты даму саласындағы халықаралық бастамаларға белсенді қатысуға, тәжірибе алмасуға және отандық әлеуметтік жобаларды жаһандық деңгейге шығаруға мүмкіндік алды.


 
Анықтама:

"Halyk" қайырымдылық қоры 2016 жылы Тимур және Динара Құлыбаевтардың бастамасымен құрылған. Қор алғашқы сәтінен бастап білім, спорт, әлеуметтік қорғау, экология және инфрақұрылым салаларында 120-дан аса жобаны жүзеге асырып, қайырымдылық бастамаларына 85 млрд теңгеден аса қаражат бөлді.

Болашақта Құлыбаевтар қоры тұрақты даму саласындағы жүйелі жұмысын жалғастырып, жобалар ауқымын кеңейтуді және халықаралық ESG стандарттарын енгізуді жоспарлап отыр.

STAN.KZ
Сейсенбі, 21 Қазан, 2025 15:04
Талқылау