Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құлыбаев мемлекетке 1 миллиард доллар төлеу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр – БАҚ

Олигарх Тимур Құлыбаев Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған кезде жинаған байлығын мемлекетке қайтару бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Үкіметтік тексеру аясында кәсіпкер мемлекетке шамамен 1 миллиард доллар төлемек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: kfb.kz

Басылымның жазуынша, егер келісімге қол жеткізілсе, Тимур Құлыбаев бірнеше төлем жасап, инвестиция да салады. Төлемге кінәні мойындау кірмейді. Bloomberg ақпарат көздерінің мәліметінше, Құлыбаев Қазақстанға 230 миллион доллар (119 миллиард теңгеге жуық) төлеген. Олар жалпы сомаға есептеледі.

"Олар бұл АҚШ-тың Argentem Creek Partners компаниясы мен Қазақстан арасындағы мұнай-газ активтеріне қатысты дау-дамайда өткен жылы үкімет қол жеткізген келісімнің бір бөлігі екенін айтты", – деп жазады басылым.

Argentem Creek Partners Молдова бизнесмендері Статидің мүддесін қорғайды. 18 желтоқсанда Қазақстанның Әділет министрлігі Қазақстан мен Анатолий және Габриэль Стати арасындағы 14 жылға созылған даудың болашақта қайта жаңарту құқығынсыз аяқталғанын хабарлады. Ол кезде құзырлы органдар мәміленің егжей-тегжейлерін жария етпеді.

Bloomberg 2017 жылы Статимен келіспеушілік салдарынан Қазақстанның шетелдегі 28 миллиард доллар активтеріне тыйым салынғанын айтты. Ол кезде еліміз доллармен облигациялар шығара алмады.

Дау шешілгеннен кейін Қазақстан 2015 жылдан бері алғаш рет мемлекеттік қарызын орналастырып, долларлық облигациялар нарығына қайта оралды.

Bloomberg хабарласқан Құлыбаевтың өкілі бұл мәселеге тікелей түсініктеме беруден бас тартты. Бірақ "кез келген жарнаны активтерді қайтару деп атау мүлде дұрыс емес" деді.

Сондай-ақ ол Құлыбаевтың осы жылдар ішінде елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.

"Бұл ілгерілеуді алдағы жылдарда қалай жылдамдатуға болатынын анықтау үшін үкіметпен жұмысты жалғастырып жатыр", – деген Құлыбаевтың сенімді өкілі. 

Қазақстанның Бас прокуратурасы да процестің құпиялылығын алға тартып, ақпаратқа қатысты түсінік беруден бас тартты.

2023 жылы Қазақстанда заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заң қабылданды. Ол жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын немесе атқарған адамдарға, олармен үлестес тұлғаларға қатысты. Оларға заң қолданылуы үшін олардың жалпы сомасы 13 миллион АЕК (51 миллиард теңге) асатын активтері болуы керек.

Құлыбаевтар “Алмэкс” холдинг тобы арқылы Халық банкіне иелік етеді. Сонымен қатар Тимур Құлыбаев "Каспий нефть", "Шубарколь Премиум", "Кристалл Менеджмент", Premier Development Company кіретін Joint Resources компаниясына иелік етеді.

Құлыбаевтың "Кипрос" компаниясы Viled, Emdeu және "Қамқор Менеджмент", PetroRetail (Qazaq Oil жанармай құю станцияларының желісі), "Бахус", Joint Technologies топтарындағы акцияларға ие. Кәсіпкердің байлығы 5 миллиард долларға бағаланады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан билігі өткен жылы Құлыбаевтың бақылауындағы компаниядан 54 нысанды тартып алғаны туралы жазған едік. 

Талқылау