"Ақша жібер, баланы алдыртамын” дедім": Алматыда 9-қабаттан секіріп кеткен жігіттің өліміне қатысты мән-жайлар айтылды
2024 жылы 12 мамырда Алматы қаласында Абдулазим есімді жігіт сүйіктісінің үйінде 9 қабаттан құлап қаза тапты. Марқұмның ата-анасы бұл істе шикілік бар деп есептейтінін айтып, шағымын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Марқұмның әкесі Сәкен Қиқымбаевтың сөзінше, қайғылы оқиға орын алар күні, ұлы футбол ойнаймын деп үйінен шығып кеткен.
“Кешкі 18:00-де жұмыстан келді. Тамақтанып болып, үйден шығып кетті. Футболға кетемін, сосын боксқа барып, қайта келемін деп айтты. Біз ұйықтап қалғанбыз. Сағат 21:00-де жолдас баласы хабарласып, Абдулазим терезеден секіріп кетті деді. Жолдас баласы келіп, мені алып кетіп, бірден полиция бөлімшесіне алып барды. Полиция ұлымның өз өзіне қол салғанын, 9-қабаттан құлағанын айтты. Ол Альбинаның жалдаған пәтерінен секіріп кеткен. Біздің ойымызша іште бірнеше жігіт болған сияқты. Себебі, пәтердің ішінде екі қыздан бөлек, Бекзат есімді бала болған. Олар баламызды терезеден лақтырып жіберді деп ойлаймыз. Себебі бейнебақылау камерасындағы жазбалардың бәрі өшірілген”, – деді марқұмның әкесі.
Марқұмның досы Жансеріктің сөзінше, Абдулазиз соңғы күндері бірнәрсеге басы қатып жүріпті. Бұрынғыдай күлмей, үнемі ойланып жүретін дейді.
“Соңғы кезде бірнәрсеге басы қатып жүрді. “Көтеріп қалды, не істеймін” деп айтқан еді. Досым осы қызға үйлен дедік. Ол тойды істей салатын қаражат жағынан да мәселе болып тұр деп айтты. Соңғы уақытта Қалқаман жақтағы 7 аурухана жақта кетіп бара жатыр екен. Ойланып кетіп бара жатты. 1-2 рет сигнал басқан соң барып қарады. Кез келген ортада отырса да ойланып кете беретін. Бұрынғыдай күлмей, ойланып жүрген. Досым қаза болған күні кешкі сағат 21:00-ге қарай достарымыз хабарласып, Шұғыла ықшамауданына шақырды. “Абдулазиз қайтты” деп айтты. “Өтірік деп айтыңдаршы” деп сенгім келмеді. Біз келгенге дейін жедел жәрдем қызметкерлері қағазға “өз өзіне қол салды” деп жазып қойыпты. Сосын үйіне барып, ата-анасына суық хабарды біз жеткіздік”, – деді Жансерік Арынжан.
Марқұмның тағы бір досының сөзінше, Абдулазиз соңғы сәтте қатты қиналып, жанындағы адамдардан көмек сұрапты.
“Абдулазиз ішке кіріп кетті. Мен InDriver-ге кіріп, қарап клиент алайын дегенмін. 10 минут болған жоқ, қыз жүгіріп шығып, жүріңдерші деп үйдің артқы жағына алып келді. Белгісіз адам алғашқы көмек көрсетіпті. Себебі досым құлаған кезде жан-жағындағы адамдардан көмек сұрапты. Біз келген кезде тірі жатты. Алайда қиналып жатты. Қыздан не жағдай деп сұрасақ, секіріп кетті деді. Жедел жәрдем келіп, жүріп кетті”, – деп айтты.
Ал марқұмның әпкесі Балнұр Өтебайдың айтуынша, Шұғыла ықшамауданында орналасқан тұрғын үйде болған оқиғалардың бәрі бейнебақылау камерасынан өшірілген.
Фото: Видеодан скрин
“Үйге сағат 20:44-те кірген інім, сағат 20:45-те секіріп кеткен. Сол уақытта Альбина есімді қыз сыртқа шығып, лифттен төменге түседі. Сол уақытта үйінің есігі өздігінен жабылады. Демек ол уақытта есікті біреу іштен жауып алған. Үйде біреу болған. Меніңше ол Альбинаның құрбысы мен Бекзат есімді жігіт”, – дейді марқұмның әпкесі Балнұр Өтебай.
Ал марқұмның сүйіктісі Альбинаның сөзінше, Абдулазим соңғы күндері өлім туралы көп айтып жүріпті.
“Жұмыстан кейін келді. “4-5 апта күтші үйленеміз” деді. Сосын ол қайта кетіп қалды. Мен хабарласып “маған ақша жібер, баланы алдыртамын” дедім. Сосын ол маған “саған керегі ақша ма” деп, ашуланды. Қайта ішке кірді. Келген соң балконның темірін ұстап тұрды. “Саған керегі ақша ма” деп айтты. Солай ойлай берші деп айтқаным сол еді, секіріп кетті. Тұрып қалдым. Қанша уақыт тұрғаным есімде жоқ. Одан ондай шығады деп ойламадым. Ол соңғы кезде 9-қабаттан секіріп кетсең ештеңе емес қой деп айтатын. Соңғы кезде сондай әңгімені көп айтып кетті”, – деді Альбина.
Ал қайғылы оқиға орын алған күні Альбинаның үйінде болған Бекзат Абдулазимның өздігінен секіріп кеткенін айтып отыр.
“Қызы жылап отырды. Жігіті ештеңе бермеймін деген сияқты. Сосын мен хабарласып: “Оның ағасымын. Жағдай осылай болып қалыпты ғой. Түсік жасатамын дейді. Соның ақшасын төле” дедім. Артық әңгіме айтылған жоқ. “Болды беремін ғой” деді. Одан кейін сол үйге қонаққа барғанмын. Ас үйде отырдым. Ас үй бөлек болды. Тамақ жеп жатқан кезде ішке кірді. Менің қызым жанына барамын деген еді. Ол “өзіміз екеуара сөйлесеміз” деді. Сосын екеуі қонақ бөлмеге кіріп кетті. Бір кезде гүрс еткен дауыс шықты. Жігіт ұрды деп ойладым. Жүгіріп барсақ қыз жылап жатыр екен. “Секіріп кетті” дейді. Барып қарадық. Одан кейін қызбен байланыспадым. Қыз кеткен соң балконнан кішкене қарап, шок болып тұрдық. Содан кейін сыртқа шықтық”, – деді Бекзат.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Алматы қаласы, Шұғыла ықшамауданында болған.
“Наурызбай аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 105 бабының ( Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалып. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бастапқы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Содан соң істің толық мән-жайы анықталып, процессуалды сот шешімі қабылданады”, – делінген хабарламада.