Қыдырәлі мен Қарақат Астанада қолөнершілер коттеджін басып алды деп айыпталды
Танымал жұлдызды жұп Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина халықаралық “Алтын Орда” қолөнершілер академиясының ғимаратын басып алды деп айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Bnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Астанада өткен конференция кезінде қолөнерші Тұрсынзада Ырза айтып берді.
“2009 жылдан күні бүгінге дейін мен Абылай хан көшесінде орналасқан коттеджді жалға алып келдім. 2015-2016 жылдары аталған объектіні бұзу және оның орнына жол салу туралы шешімге сәйкес, әкімдік ол объектіні алды. Сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке жүгіндім. Ол аталған жерді жеке тұлғадан сатып алған. Кейін құрылыс басталғанша пайдалануға бізге берді. 2009 жылдан бастап біз онда ұлттық дәстүрлерді сақтау және үйрету бойынша сабақтар жүргізіп келдік”, – дейді қолөнерші.
Сөзіне сенсек, әйел ол жерден қуылғанын өзге аймақта іссапарда жүрген кезінде білген. Ол жоқ кезде, танымал жұлдызды жұп Қыдырәлі мен Қарақат аталған мекемеге басып кірген. Олар Алматы аудандық сотының сырттай шешімін негізге ала отырып, құлыпты шарқайрақпен ашқан.
“Мен жастарды қолөнерге үйретіп келдім. Сондай-ақ, ол жерде тегін шеберлік сағаттарын өткізуге арналған студия, біздің тұрмысымызға қажетті бірегей экспонаттар болған. Біздің есігіміз әрдайым ашық болды. Біз қыздарды қолөнерге, салт-дәстүр мен тәрбиеге баулып келдік. Әкімдік қызметкерлері біздің орталыққа келмек болғанда алдын ала хабарласып, аймаққа емін-еркін кіріп шығатын. Кейін әкімдікте СПК департаменті құрылды. Олардың қызметкерлерімен сөйлесіп, келісім-шарттың қалайша Қыдырәлі Болмановқа берілгенін анықтамақ болдым. Нақтырақ айтқанда, “Айсұлтан” ЛТД компаниясына. Біздің есікті шарқайрақпен бұзып кірген. Олар менімен байланыса алмағандарын айтты. Ал шешім жазылған конвертті әріптесіме ұстатып кеткен”, – дейді Ырза.
Қолөнерші жұлдызды жұптың екіжүзділігіне қайран қалып отыр. Айтуынша, жұлдызды жұп ұялмастан оны өздерінің “жаңа әжесі” деп атаған. Ол Қарақаттың зұлымдығы жайлы адамдардан талай естігенін, алайда оған мән бермегенін атап өтті. Айтуынша, танымал жұп СПК-мен келісімге келгеннен кейін ғана оны мерекелік іс-шараға қонақ ретінде шақырған.
“Қыдырәлі Болманов пен Қарақаттың мені “жаңа әжеміз” деп атағандарына таңғалып отырмын. Қарақат өте әдемі сөйлейді. Бұл коттеджді алып қоятындарын біле тұра, мені іс-шараға VIP-қонақ ретінде шақырды. Бұл кісілер туралы ешқашан жаман сөз айтып, я болмаса көмек сұраған кезде беттерін қайтарған емеспін. Олардың тарапына ешқашан шағымданбағанмын. Бірақ мына істің артында екеуі тұрғанын білгенде, абдырап қалдым. Осы мәселе бойынша Исекешевтің алдына бардық. Ондағылар Болмановқа басқа ғимарат ұсынғандарын, алайда ол кісінің келісім-шартты сылтауратып, бас тартқанын айтты. Мен “Қарақат” студиясы үшін “Айсұлтан” ЛТД мекемесімен жасалған шартты көрдім. Қаңтар айынан бері өте көп уақыт өтті. Осы уақыт аралығында Қыдырәлімен бетпе-бет талай кездестік. Бірақ ол екіжүзділік танытып, ештеңе айтпады”, – дейді қолөнерші.
Өнер иесінің айтуынша, Қыдырәлі мен Қарақат ғимаратқа басып кіргеннен кейін, тегін шеберлік сағатын өткізуге арналған студия толықтай бұзылған. Ал аталған студияда қолөнерші Канада, Ресей, Жапония мен ТМД елдерінен келген әйелдерді қолөнерге баулыған.
“Байырғы бұйымдар, қазақ халқы мен елімізде тұратын өзге этностардың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін бірегей экспонаттар сақтаулы тұрған менің этнографиялық мұражайым да күл талқан болды. 4-сыныптан бастап мен аталған заттарды сақтап, қайда барсам да өзіммен бірге алып жүрдім. Елбасымыздың алдында тұсауы кесілген бірегей кілемді де рұқсатсыз алып шыққан. Аталған кілемнің ұзындығы алғашқыда 7 метр, ал бүгінге дейін 50 метрге жеткен болатын. Бұл біздің елімізде өркендеп келе жатқан барша этнос өкілдерінің еңбегі. Қымбат құрылғылар орналасқан оқу цехі де аяусыз бұзылған. Бір апта бойы таңғы сағат 8:00 мен түнгі 1:00 аралығында өздерін сот орындаушыларымыз деп таныстырған 15-ке жуық адам аты аталған заттардың барлығын белгісіз бағытқа тасыған. Әрі ол құндылықтар жоғалып кеткен жағдайда, жауапкершілікті өз мойындарына алмайтындарын айтқан”, – деп түсіндірді Ырза.
Кездесуге келген танымал блогер Ғалым Бәйтүк жұлдызды жұптың қылығын “пасық әрекетке” теңеді.
“Қыдырәлі мен Қарақат оған қонаққа келіп, коттедж туралы бәрін біліп алған.Қолөнершінің қолында екі жылдан бері келісім-шарт жоқ екенін біліп, Қыдырәлі Болманов өзі келісім-шартқа отырған. қысқасы, Қыдырәлі барлау жұмыстарын жасап, өз ісін тындырды”, – деп атап өтті блогер.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.