Қыдырәлі Болманов: Бағдарламада өнер адамдарына сұрақ қою, бірге қуану, әзілдеу үшін алып бара жатқан білімнің керегі жоқ
Қыдырәлі Болманов – отандық шоу-бизнестегі алғашқы продюсерлердің бірі, «Ұлытау» этно-рок тобының жетекшісі және әйгілі «АБК» тобының іргетасын қалаған өнерпаз әрі профессорлық атағы тағы бар. Тіпті, бір басына бірнеше өнерді тоғыстырған талант соңғы жылдары тележүргізушілік қырын танытып жүр. Алайда, Қыдырәлі мен Қарақаттың көк жәшіктегі кәсібі көрерменнің көңілінен шықпай жүрсе керек. Бүгінде жұлдызды жұпқа сын айтататындардың қарасы азаймақ емес. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Болманов, бұл жолы мін таққандарға мардымды жауап беруге бел буып отыр.
Қыдырәлінің телебағдарлама тізгіндеу үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. Тіпті, телевизия саласындағы тәжірибесі де көңіл қуантарлықтай емес. Бірақ, Болмановтың студенттік кезде бір рет асаба атанып, той басқарғаны есінде.
«Қарным ашып бөлмеде отырған кезде, бір күні жатақханаға бір жігіт келіп, той жүргізесің бе деді. Жүргіземін дедім. Кішкене болсын тиын-тебен төлейді және жанымдағы балаларға пакетпен бір нәрсе әкелесің ғой. Келісіп, 3-4 күн дайындалдым. Терлеп-тепшіп сол тойды өткізгенім бар. Содан кейін өзіме-өзім уәде бердім. Енді той өткізбеймін, менікі емес екенін сездім», – дейді студенттік шаққа сапар шеккен Қыдырәлі.
Алайда, жылдар жылжыды, уақыт сырғыды! Шоу-бизнесте өз кәсібін дөңгелетін жүрген жұлдызды жұпқа отандық телеарнадан тосыннан ұсыныс түседі.
«Қазір телеарналар, әлеуметтік желі дегеннің бәрі рейтинг деген құдыретке құмар болып кетті. Бәрі соның айналасында жүреді қазір. Біреуді мақтаса да, жамандаса да өзінің рейтингін көтергісі келеді. Уақыт өзгереді, соңын ішінде телеарналарда өзінің бағдарламасына танымал адамдарды іздей бастайды. Бізді шақыруының себебі де сол деп ойлаймын. Біз жүргізуші болайық деп, біреудің есігін қағып жүрген жоқпыз. Ұзақ уақыт шақырды, мен ұзақ уақыт келіспедім», – дейді жүргізушілікті жүрексінген Болманов.
Иә, ұзақ уақыттан кейін келісімін берген Болманов, отандық телеарнарлардың бірінде жұлдыздар жайлы бағдарламаға жұбайы Қарақатпен жүргізуші ретінде бекітілген. Алайда, аталмыш салада кәсіби білімі жоқ жұпқа жағымсыз пікірлерді қарша боратқан ғаламтор қолданушыларының санында шек болмаған.
«Бізге көп жазды. Неге журналистер жүргізбейді, сіздер журналистер емессіздер ғой деп. Біз журналист емеспіз, біз кәсіби жүргізуші емеспіз. Бірақ, шоу-бизнесте жүргеннен кейін, өнер адамдарына сұрақ қою, бірге қуану, әзілдеу үшін оған енді алып бара жатқан білімнің керегі жоқ. Ол үшін КазГу бітіріп қажет емес деп ойлаймын», – деп көптің көкейіндегі сауалға жауап берген Қыдырәлі Болманов, қазіргі таңда Қарақатпен тағы бір бағдараманы жүргізуді қолға алғандарын айтады.
Жіберіп алмаңыз:
Гүлзира Айдарбекова Қайраттың енесі жайлы айтып берді
Жұлдыз Әбдікерімованың әкесі алғаш рет қызының өмірі жайлы сұхбат берді
Өнердегі әріптестері Төреғалидың концертін сынап тастады
Медеу Арынбаев марқұм жарына бір көргеннен ғашық болғанын айтты