Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полиция ештеңе істей алмаймыз дейді": Алматы тұрғыны Досаевқа дүкендерде ұрлық өршігенін айтып, шағымданды

Алматы қаласындағы Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде кәсіпкер қала әкімі Ерболат Досаевқа азық-түлік дүкендеріндегі жиі ұрлық жағдайына шағымданды. Әйелдің айтуынша, ұрлық жасаған клиенттерге тіпті қылмыстық іс қозғалмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Әйел ұрыларды өзі үш рет ұстағанын жеткізді. Алайда үшеуі де жазасыз қалған.

"Белгісіз адам келіп, тауарды сөмкесіне салып алған, шығар кезінде тоқтаттық. Ал бұл бізде ұрлық емес, ұрлық әрекеті деп саналады. Мұндай адамдарды уақытында ұстау мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Ұрылар мұнда құдды жұмысқа келгендей кіреді. Салдарынан адалынан жұмыс істейтін кәсіпкерлер зардап шегеді. Ал полиция бұл жағдайда ештеңе істей алмайтынын айтады. Прокурорлар оларға қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік бермейді. Өйткені бұл ұрлық емес, жай ұрлыққа оқталу әрекеті екен. Салдарынан барлық жетіспеген тауар кәсіпкердің немесе қызметкерлердің мойнына арқаланады. Неліктен депутаттар бұл мәселені көтермейді?", – деді тұрғын. 

Ерболат Досаев әйелге өз бастамасымен депутаттарға жүгінуге кеңес берді.

"Өкінішке қарай, сіздің айтып отырғаныңыз ұрлық жасаған немесе оқталғаны үшін қылмыстық заңнамаға немесе қылмыстық қудалауға байланысты мәселе. Бұл тек Қазақстанда ғана болып жатқан мәселе емес. Тұрмыстық заттар ұрлығы, дүкендердегі ұрлық бүкіл әлемде бар", - деді әкім.



Әкім ұрлық фактісін растау және өзін қорғау үшін алматылық пен басқа да кәсіпкерлерге өздерінің сауда орындарында бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес берді.

Өз кезегінде Алматы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары әйелге қаланың криминалдық полиция басқармасына арыз жазуға кеңес беріп, қабылдауға уәде берді.

Талқылау