Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"23 жыл бірге тұрып, үш минутта айырылып қалдым": Бағдат Әшімова марқұм жарына жантебірентер жазба арнады

Бағдат Әшімова марқұм күйеуіне жазба арнадыФото: https://www.instagram.com/bagdat.ashimova/

Абыз актер, халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм жолдасына арнап жантебірентер жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Өмір мен өлім арасы қас қағым сәт екен. 23 жыл, бір ай, үш күн бірге өмір сүрген Құдай қосқан қосағымнан үш минутта айырылып қалуым ауыр соққы болды. Адамның айтқаны орындалмайды, Алланың қалауына ешкім қарсы тұра алмайды. Жан-жарымды қанша қимасам да, ел болып, жұрт болып ақтық сапарға шығарып салдыңыздар. Қайғы бөліссе азаяды деп, көңіл білдіріп, жұбату айтқан баршаңызға бас иемін. Тірісінде алақандарыңызға салып еркелеткен едіңіздер, ақтық сапарға да жер қайысар ел жиналып, егіліп шығарып салдыңыздар. Жаназа шығарғанда сапта тұрған адам саны көп болған сайын, сол жандардың алақан жайып Алладан сұраған бата-тілектерін қабыл етеді, пейіштен орын береді дейді. Әр шаңырақта бақ-береке болсын. Балаларыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болсын”, – деп жазды ол.

Асанәлі Әшімовтің төртінші жары – өзін емдеген дәрігер Бағдат. Әшімова Ол актерден 34 жас кіші. Олар 2002 жылы некеге тұрып, 2008 жылы Асанәлі есімді ұлды болды.

“Бала тәрбиесі оңай емес. Әсіресе атасы мен әжесінің, оның ішінде әженің тәрбиесі аса маңызды. Халқымның өзге жұрттан кем болмауын қалаймын”, – деген еді Асанәлі Әшімов.

Айта кетейік, былтыр 21 желтоқсанда актер, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов дүниеден өткені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 17:01