Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыз алса, құдағиға қымбаттау сыйлық беру керек": Қазақстандықтардың киітке шығындалуы қаншалықты дұрыс

Қазақстандықтар өлшемі тура келмейтін, бір тойдан екінші тойға айналып жүретін, көпшілік шашылып, барынша қымбатынан алуға тырысатын киіт туралы ойларын жеткізді. Жұртшылық ата-баба салтын ұстанғанның өзінде ысырапшылдыққа жол бермеу керек екенін алға тартты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Сурет ашық дереккөздерден

“Дәстүрге жол – қазақ әйелдері” бірлестігінің мүшесі Гүлзира Дәуітқызы бұл салтты ұстануды құптайтынын айтады.

“Баймен бай құда болса жорға жүрген, кедей мен кедей құдаласса дорба жүрген. Құда болған соң бір-бірімен жақсы араласып, сыйлық беру өте қажетті нәрсе деп ойлаймын”,- деді Гүлзира Дәуітқызы.

Салт бір болғанымен әр өңірдің құдалыққа келгенде талабы әртүрлі.

Шымкент қаласының тұрғындары: “Қазір тәтті шәй деген бар. Сол жерде барлығы келісіледі. Қымбат болсын, арзан болсын екі жақтың келісімі маңызды”, “Кейбіреулер шамасы келмесе де артынып тартынып апарып жатады. Бұл меніңше дұрыс емес сияқты. Әркім өзінің жағдайына қарап көсілуі керек”,- деді. 

Өскемен қаласының тұрғыны, зейнеткер Әнікей Манасбайқызының ойынша бастысы бас құда мен құдағидың көңілін аулау керек екен. Дегенмен кейінгі құдаларды да ренжітпеген абзал.

Бұл тұрғыда алматылықтар ойы екіге жарылды. Бірі құдалардың келісіміне қарай қарау керек десе енді бірі қыз алғанның назы бар екенін ұмытпаған жөн деп санайды.

“Қыз алып отырса әрине, құдағиға қымбаттау сыйлық беру керек. Ал егер ұл жақ болса, онда оған арзанырақ болса реніш жоқ”,- деді Алматы қаласының тұрғыны Дағира Исақызы.  

Батыстықтар бұл салтты ұстану қажет, бірақ бұрынғыдай тыраштанатын заман емес екен. Олар кейіттен көрі жаңа әдістерге көшкенді жөн санайды. 

“Жігіт пен қыздың отбасы бір-бірлеріне кейіт кигізбестен бір-бір миллион теңгеден банк шоттарына салып беріп жатқандарды да көрдім. Екі үш жылда үйлі-жайлы болсын деген ниетпен“,-  деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Элмира Айтбаева.

Осылайша әр өңірде салттың маңызын бірдей ұққанымен әртүрлі көзқараста қарайды. Пікір білдірген көпшілік киіт үшін ақшаны оңды солды шашуға қарсы екендерін айтты. 

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 01 Ақпан, 2023 15:48