Құзырлы орган ғимаратында болған атысқа қатысты жаңа деректер шықты
Ақмола облысында қайғылы аяқталған атысқа қатысты жаңа деректер шығып жатыр! Өмірбек Жампозов атып салған Целиноград аудандық прокуратурасының аға прокуроры мен полицейдің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ,-деп жазды КТК арнасы.
Бүгін екеуі бірдей ауруханадағы жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Ал құқық қорғау орындарының қызметкерлеріне оқ жаудырып, кейін өзін атып өлтірген 61 жастағы Жампозовтың сүйегін бүгін туыстары туған жері Таразға алып кетті. Сондай-ақ, марқұмның тірі кезінде жазып қалдырған хаты мен видеоүндеуі табылды.
Бұл – кеше ғана Целиноград ауданының аға прокуроры мен полицейді мылтықпен атқан Өмірбек Жампозовтың бейнеүндеуі. Видеоны атыс шығармай тұрып түсірген екен. Бірақ нақты қашан екені белгісіз. Мұнда «ҚазСуШар» мекемесінің директоры өзінің жемқорлыққа мүлдем қатысы жоқ екенін, керісінше әлдекімнің тапсырысымен Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро жала жапқанын ашына айтып жатыр.
«Міне, 5-6 ай болды Целиноград ауданында қылмыстық іс жүріп қазір аяқталуға жақын. Нәтижесі қандай болатыны белгісіз. Әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Біз таза қызмет еткен азаматтар ақталуымыз мүмкін. Тіпті, жазықсыздан жазықсыз сотталып кетуіміз мүмкін»,-деген өз сөзінде Өмірбек Жампозов.
Бірақ Өмірбек Жампозов сот үкімін күткен жоқ. Мемлекеттік айыптаушы Әлібаев пен тергеуші Пішембаевқа прокуратураның ішінде қос ауыздан оқ жаудырып, кейін өзі көлігінің ішінде атылып өлген. Қазір бұл істі Ішкі істер министрлігі тергеп жатыр.
Ал арқасынан жараланған прокурор мен полицейдің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бірнеше ота жасалған заң өкілдерінің бүгін беті бері қарап, палатаға ауыстырылды.
«Екеуіне де күрделі ота жасалды. Қазір жағдайлары бірқалыпты. Оқ екеуінің де арқасына тиген. Яғни, мылтықтан оқ атылмас бұрын теріс бұрылып қашып бара жатқан. Сол кезде оқ тиіп жараланып отыр»,-дейді Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Мағжанов.
Ал қос бірдей құзырлы орын қызметкерін жаралап, өзі жан тапсырған Жампозов 600 миллион теңгеден астам ақшаны сыбайластарымен бірге жымқырды деп айыпталған. Қыруар қаржы Астана іргесінде су торабын салу үшін бөлінген екен. Енді бұл іс бойынша соңғы нүктені сот қоюы тиіс. Ал адвокат судьяның марқұмға қатысты істі тоқтататынына сенімді.
«Жампозовқа қатысты іс тоқтауы тиіс. Өйткені қайтыс болған адамға қалай жаза кесуге болады? Ал онымен бірге айыпталған өзге 5 күдіктіге қатысты үкім бәрібір шығарылады»,-дейді адвокат Бақыт Қайыржанова.
Өмірбек Жампозовтың денесі туыстарына бүгін берілді. Тиісті сараптамалар жүргізілгенімен, оның нәтижесі әзірге айтылмай отыр. Марқұмды Таразға алып кеткен жақындары енді ертең сонда жерлеу рәсімін өткізбек.
Бір айта кетерлігі, Өмірбек Жампозов атыс шығармас бұрын туыстарына хат та жазып қалдырған екен. Онда 61 жастағы азамат мұндай оқыс қадамға баратыны туралы айтпаған екен. Ал, екінші хатты полицейлер марқұмның көлігінен тауып алған. Онда айыпталған азамат өзінің кінәсіз екенін жазыпты. Десе де, Жампозовтың қатысы бар делінген іске қаитысты сот үкімі дүйсенбіде шығуы тиіс.
Оқи отырыңыз:
Зимбабведе 10 жасар қыз баланы арыстан шайнап тастады
Рәбиға Сыздықова: Қазіргілер үтірді өз білгенінше қойып сауатсыздық қалыптастырып жатыр
Қарағандыда дәрігерлердің екпесінен соң жаңа туған сәбидің жағдайы нашарлап кетті