Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада тергеу үшін қамалған әйел төсек жаймасын пайдаланып терезеден қашып кеткен

Қызылордада тергеу барысында қамауға алынған әйел төсек жаймасын батареяға байлап, терезе арқылы қашып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: istockphoto

Жоғарғы соттың дерегінше, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аға сержанты қамаудағы әйелді күзету бойынша жұмысын қабылдап, аурухана бөлмесінің дәлізінде отырған. Ал күдікті әйелмен бір бөлмеде инспектор-психолог, әділет лейтенанты болған.

"Таңғы сағат 04:00 шамасында тергеу үшін қамауға алынған әйел оны күзетіп тұрған әділет лейтенантының ұйықтап кеткенін пайдаланып, қашып кеткен. Ол төсектің екі жаймасын жылыту батареясына байлап, терезе арқылы қашқан. Кейіннен әйел ұсталып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне қамалды", – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Алайда қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін есіктің сыртында болған аға сержант жұмыстан қуылған. Бұл шешімге келіспеген ол сотқа жүгінді. 

Жергілікті сот жұмыстан заңды түрде босағанын айтып, өтінішін қабылдамаған. Жоғарғы сот бұл шешімді өзгертті. Жоғарғы Сот аталған жайт онымен еңбек шартын бұзуға негіз бола алмайтынын мәлімдеп, аға сержантты өз жұмысында қалдырды.



Еске салайық, бұған дейін Талғарда зорлау оқиғасы бойынша күдікті изолятордан қашып кеткені айтылды. Кейін ол туралы толық ақпарат шығып, аты-жөні, жасы, мекенжайы көрсетілді. Ер адам кейін Тереңқара ауылының шетінен табылған. Ол уақытша ұстау изоляторына қайтарылып, қашып кеткені үшін тағы айып тағылды.

Талқылау