Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аязда көлікте ұйықтап қалып, аяғын үсітіп алған астаналық ер адамға дәрігерлер көмектеспеген

Астанадық Талғат Үкібаев нағашы ағасы елорданың аязында көлікте ұйықтап қалып, аяғын үсітіп алғанын айтты. Оның айтуынша, жедел жәрдем ағасын №1 қалалық ауруханаға жеткізсе де, кезекші дәрігер көмек бермеген. Қызметкерлер ер адамды қараусыз қалдырып, 13 сағат қойма тәрізді бөлмеде жатқызған. Stan.kz тілшісіне ер адам ағасының қазіргі қалай екенін айтып берді.

Фото: Талғат Үкібаевтың жеке архивінен

Талғат Үкібаев 25 қаңтар түні Астанада нағашы ағасы мас күйде көлікте ұйықтап қалып, екі аяғын үсітіп алғанын айтып берді. Жедел жәрдем оны бірінші қалалық ауруханаға жеткізген.

"Ағам көлікте ұйықтап қалып, оянған кезде алғашқыда аяғы ешнәрсе сезбеген. Кейін тұрайын деп әрекет жасаған кезде аяғының үсігенін түсінген. Көлігі сауда дүкеніне жақын маңда тұрған. Ағам дүкеннің ішіне еңбектеп барған. Сол жерде күзетші жедел жәрдем қызметін шақырған. Жедел жәрдем қызметі ауруханаға алып кеткен", – деді Талғат Үкібаев.

Талғат Үкібаев дәрігерлер науқастың жағдайына салғырт қарағанына ашуланды. Оның айтуынша, дәрігерлер ағасының аяғын бірден кесіп тастаймыз деп қорқытқан.

"Ауруханаға барған кезде кезекші дәрігер қарап, "Болды, мұның аяғын кесу керек. Шығарып жіберіңдер немесе айықтыру орталығына жіберіңдер" деп айтқан. Алайда дәрігер дұрыс көмек бермей, кетіп қалған. Ауруханадағы анықтама бөлігінде тұрған әйел қойма тәрізді жерге апарып жатқызыпты. Кушеткаға матрасты төсеп, жатқыза салған. Сөйтіп келесі күнге дейін ешкім оған көмек беруге бармаған, қарамаған, тиісті ем көрсетпеген. Ертесі қарындасы түсте ауруханаға барып алып кетті. Қазір жағдайы бері қарады. Әйтпесе мүлдем кесіп тастай ма деп ойладық. Өлген терілері күлдіреп, су толып жатыр. Саусақтарына жан бітіп, қимылдатып жатыр", – деді Талғат Үкібаев.

Осы жағдайға Астанадағы №1 қалалық ауруханаға хабарласып, оқиғаның жай-жапсарын білдік.

"Бұл жағдай жөнінде талдау жүргізілді. Ж есімді науқас жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Кезекші комбустиолог қарап, алғашқы медицина көмегін көрсетті. Қарау кезінде ауруханаға жатқызуға негіз жоқ деп танылды. Тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, әрі қарай қаралу және ем алу бойынша ұсыныстар берілді”, – деп жауап берді аурухана әкімшілігі.

Алайда Талғат Үкібаев нағашы ағасынан аурухананың анализ алғанын және жергілікті мекенжайы бойынша көмек бергені туралы ақпарат жалған екенін айтып, ашуланды.

"Ағам дәрігерлер алғашқы көмек берілмегенін айтады. Тек қарындасымыз барып, айғай-шу шығарғаннан кейін дәрігерлер жақпамай жақпай, бинтті орап бере салған. Сөйтіп қайтадан көлікке отырғызып, шығарып салған. Олардың тіпті науқастың толық аты-жөнін білмейді. Одан бөлек, олар оны тіпті тіркемеген. Науқас Ж деген кім? Қазір ағам ем-домын үйде жасап жатыр. Кешке 20 минут жылы суға салып, содан кейін қырыққабат жапырақтарымен ораған. Таңертең Пантенол аэрозолін жағып, ол тамырларды кеңейтеді деп айтқан", – деп ашуланды Талғат Үкібаев.
Талқылау