"Күйзелістен шашым түсіп қалды": Ұлының еміне жиналған ақшаны жымқырды деп айыпталған әйел сотта өз нұсқасын айтты
Видеодан скрин
Астанада науқас баласын емдеуге қаражат жинау сылтауымен алаяқтық жасады деп айыпталған ерлі-зайыптыға қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Тергеу нұсқасына сәйкес, жиналған қайырымдылық қаражаты ерлі-зайыптының жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дәулет пен Толқын Тотақановтарға “аса ірі көлемдегі алаяқтық”, сондай-ақ “алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге мүлікті заңдастыруы” баптары бойынша айып тағылды. Прокурор астаналық ерлі-зайыптыны 7 жылға соттауды сұраған еді.
Айыпталушы Толқын Тотақанова сотта сөз сөйлеп өз нұсқасын айтып берді.
“Мені Перизат Қайратпен салыстырады, бірақ мен ешқашан сән-салтанатта өмір сүрген емеспін. Менде элиталық пәтерлер де, көліктер де, саяхаттар да жоқ. Біздің банкте кепілде тұрған бір ғана екі бөлмелі пәтеріміз бар. Тергеу бізде 3 пәтер, 5 автокөлік бар деп жазады, бірақ олар қайда? Неге сотқа көрсетпеді, неге тәркілемеді, неге бұл туралы ешқандай құжат ұсынбады? Өйткені ондай пәтерлер мен көліктер мүлде жоқ. Бұл – тергеушілердің ойдан шығарған қиялы ғана”, – деді Толқын Тотақанова.
Сондай-ақ айыпталушы өзінен ақша бопсалап, қарызға алған қаражатты өте жоғары пайызбен қайтаруға мәжбүрлеген алаяқтарға тап болғанын мәлімдеді.
“Бес жыл ішінде бұл адамдар менен 700 миллион теңгеден астам қаржы алды. Ал шын мәнінде мен олардан қарызға біреуінен – 8 миллион теңге, екіншісінен – 9 миллион теңге ғана алғанмын. Шотыма түскен барлық қаражат баламды емдеуге және қарыздарды жабуға жұмсалды, мұның бәрі аудит арқылы расталды. Ол адамдар қайырымдылық жинақтарынан хабардар болды, менің банк карталарымды алып, ақшаны өздері шешіп отырды. Тіпті қылмыстық іс қозғалғаннан кейін де маған қысым тоқтаған жоқ, керісінше күшейе түсті. Олар менен қолхат талап етті, адвокат арқылы көмектесеміз деп уәде берді, жалған адвокаттарды тауып әкелді. Қорқытып, маған қарсы арыз жазамыз деді. Алдау жолымен “адвокатпен көмектесеміз, ісіңді шешіп береміз” деген сылтаумен менен 45 миллион теңге алды”, – деді айыпталушы.
Әйел күйеуі Дәулет Тотақановтың өзінің қиындықтары туралы оның күйзелістен бас терісінде мәселелер пайда болып, шашы түсе бастағанда бір-ақ білгенін айтты. Жағдайдың тым нашарлағаны соншалық, оған шашын тақырлап алуға тура келген. Толқын Тотақанова бұл мәселелерді ешкімге айтпаған, өз сөзінше, отбасына зиян тиіп кете ме деп қорыққан.
Айыпталушының айтуынша, 2025 жылдың ақпан айында осы қылмыстық іс бойынша тергеуші оны "бопсалау" дерегі бойынша арыз жазуға көндірген. Соның негізінде басқа іс қозғалып, Толқын Тотақанова жәбірленуші деп танылған.
Алайда айыптау тарапының нұсқасы сотталушы баяндаған оқиғамен мүлде сәйкес келмейді. Айыптау актісіне сәйкес, Тотақановтар әртүрлі көздерден ұлын емдеуге деп шамамен 1,5 миллиард теңге жинаған.
Тергеу деректері бойынша, жиналған қаражат мына бағыттарға жұмсалған:
- 481 миллион теңге – Facebook ADC платформасының қызметтеріне, яғни видеоларды таргеттеп жарнамалауға;
- 6,4 миллион теңге – баланы емдеуге;
- 110 миллион теңге – жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алуға;
- 349,5 миллион теңге – қарыздарды өтеуге;
- 9,7 миллион теңге – брендтік заттар сатып алуға және құмар ойындарға;
- 10,7 миллион теңге – қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға, жер телімін сатып алуға және депозиттен дивиденд алуға.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық ата-ана ұлдарының еміне деп 4 жыл бойы ақша жинап, қаржыны шопинг пен құмар ойынға жұмсады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Прокурор сот отырысында астаналық ерлі-зайыптыны 7 жылға соттауды сұраған еді.
Әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайым – “Жыл адамы 2025” атанды